Жатақхана тапшылығы мәселесі жойылса, жалға берілетін тұрғын үй бағасы неге қымбаттайды?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстанның барлық қаласында жалға берілетін тұрғын үй бағасы қымбаттады / Фото: shutterstock

Алматы мен Астанадан басқа барлық аймақта жатақхана тапшылығы мәселесі шешілді. Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деп баяндады.

«Жатақхана құрылысына мемлекеттік тапсырыс беру тетігі оңтайландырылды. Бір орынның нормативі 40% көтеріліп, мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі 8 жылдан 6 жылға дейін қысқарды. Бұл тетіктер заманауи дизайндағы «жасыл қалашық» концепциясымен және шетелдік стандарттарға сәйкес келетін студенттік резиденция форматындағы жатақханалар салуға мүмкіндік берді. Астана және Алматы қалаларында жер телімдерінің тапшылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі осы қалалардағы ғимараттарды жатақханаға айналдыруға мемлекеттік тапсырыстың көлемін 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде», – дейді Саясат Нұрбек.

Бұл ретте министрлік жатақхана салуда мемлекеттік-кәсіпкерлік серіктестік тетігін пайдалану және жалпы жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын нығайту мәселесін қарастыруда.

Ведомство дерегінше, биыл барлығы 10 576 орындық 27 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 2369 орындық 10 жатақхана пайдалануға берілген.

Алайда оның өзі студенттер үйі тапшылығы мәселесін шеше алмаған іспетті. Бұған Krisha.kz сайты ұсынған статистика дәлел. Себебі қазірдің өзінде Қазақстанның барлық қаласында жалға берілетін баспана бағасы қымбаттады. Ең жоғары өсім Астана, Алматы, Шымкент, Қонаев және Ақтау қалаларында байқалады. Бір айдың ішінде бұл қалалардағы жалдамалы пәтерлердің құны 5-7%-ға өсті.

«Барлық қалада жалға беру сайтындағы жарнамаларды қарау және оларға қоңырау шалу саны 2-3 есеге артқан. Айта кетейік, өткен жылы шілде-тамыз айларында белсенділік 70% өскен. Биыл да жағдай қайталануы мүмкін. Жалдау бағасының өсуі маусымдық сұранысқа байланысты. Оның ішінде, студенттер мен Қазақстанның ірі қалаларына ішкі мигранттардың жыл сайын келуі ықпал етеді», – деп хабарлады Krisha.kz.

Бұған дейін студенттерге жатақхана беру ережесі өзгерді. Енді бұрынғыдай өтінім беріп, арыз қалдырмайды. Өтініш ұялы телефондағы eGov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Сондай-ақ студент жатақханадағы орынға өтініш бермесе де, оған мұндай қызмет қажет екенін анықтау үшін автоматты хабарлама жіберілуі мүмкін. Бұл хабарламаға 24 сағат ішінде жауап беру керек.

Сондай-ақ оқыңыз