Жаһандық азық-түлік бағасының индексі төмендеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Азық-түлік бағасы қымбаттауы мүмкін / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының дерегінше, 2024 жылдың шілдесінде азық-түлік бағасының индексі орта есеппен 3,1%-ға төмендеді. Бұл маусым айындағы көрсеткіштен сәл аз.

Ұйымның мәліметінше, дәнді дақылдарға баға индексінің төмендеуі өсімдік майы, ет өнімдері және қант бағасының индексінің өсуін өтеуге мүмкіндік берді. Ал сүт өнімдері бағасы индексінің мәні өзгеріссіз қалды.

Шілдеде маусыммен салыстырғанда, астықтың барлық негізгі түрлеріне әлемдік экспорттық бағалардың төмендеуі тіркелді. Бұл үрдіс екінші ай қатарынан сақталуда. Күздік бидай жинау науқаны жалғасып жатқан Солтүстік жарты шарда маусымдық ұсыныстың ұлғаюы, Канада мен Америкадағы жалпы қолайлы ауа райы жағдайлары және осыған байланысты көктемгі бидайдың мол өнімін күту де бидайдың әлемдік бағасының төмендеуіне ықпал етті.

«Шілдеде өсімдік майының бағасы, керісінше, екінші ай қатарынан қымбаттады. Нәтижесінде бір жарым жылдағы ең жоғары деңгейге жетті», – деп хабарлады ФАО.

Бұл динамика әлемдік нарықта пальма, соя, күнбағыс және рапс майларының қымбаттауына байланысты болып отыр. Шілдеде қой еті мен сиыр етінің әлемдік бағасы өсті. Бұл жоғары импорттық сұранысқа байланысты.

Осылайша, азық-түлік бағасы индексінің шамалы төмендеуіне қарамастан, олардың бағасы әлі де тұрақсыз.

«Бұл болашақта бағаның өсу қаупін тудырады», – деп хабарлады Ұйым.

Еске сала кетсек, шілде айында жылдық инфляция – 8,6%, ал айлық инфляция 0,7%-ды құрады. Маусым айымен салыстырғанда, айлық инфляцияның сәл қарқын алғаны байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз