Жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнес жағдайын нашарлатады – кәсіпкерлер

Жарияланды
«e-Salyq Business»
Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі бизнеске теріс әсер ететінін айтады / Фото: kursiv.media

Салық жобасынан оңайлатылған салық режимі мен бөлшек сауда салығы алынып тасталады. Оның орнына жылдық айналымы 500 млн теңгеге дейінгі шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимі енгізілген. Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнес жағдайын нашарлатады деп санайды.

«Қазақстанның Тәуелсіз бизнес одағы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Берік Зайыровтың айтуынша, қолданыстағы бөлшек салықтың басты артықшылығы – кәсіпкерлерге қосымша құн салығының есебінсіз 2,2 млрд теңгеге дейін сауда айналымын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Бұл кәсіпкерлерді шағын бизнестен орта бизнеске көшуге ынталандыратын бөлшек сауда салығы. Кәсіпкерлер бөлшек салыққа енді ғана сене бастады. Оны бір жылдан кейін алып тастамақ. Мұндайдан кейін кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімі азаяды»,- дейді Зайыров.

Кәсіпкердің айтуынша, шағын бизнеске арналған жаңа арнайы салық режимінің үлкен кемшілігі бар. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жаңа арнайы салық режимі бойынша максималды кіріс 500 млн теңгені құрайды. Бұл қолданыстағы бөлшек сауда салығы бойынша ең жоғары кірістен 4 есе аз.

Салық жобасын әзірлеген Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі көлеңкелі экономиканың артып, халықтың әлеуметтік қорғаусыз қалғанын алға тартқан. Үкімет жаңа Салық кодексінің көмегімен ШОБ-тың 4 негізгі мәселесін шешуді ойластырып отыр. Олар мыналар:

  • Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, «кәсіпкерлікпен» айналысуға тосқауыл болу;
  • Кәсіпкерлердің салықты аз төлеу үшін бизнесін екіге бөлу жағдайларын азайту;
  • Жеңілдетілген режимде жеке кәсіпкерлерден виртуалды тауарлар мен қызметтерді сатып алу арқылы кәсіпкерлердің салықты азайтуға тырысуын болдырмау;
  • Кәсіпкерлердің қызметкерлерін рәсімдемейді және оларға ең төменгі жалақы белгілейді.

Бірақ кәсіпкерлер жаңа Салық кодексінің жобасы бұл мәселелерді шеше алмайтынын айтады.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне сәйкес қызмет түрлері бойынша шектеулерді алып тастау қажет. Жобада 32 қызмет түрі көрсетілген. Жыл сайын жаңа қызмет түрлері пайда болып жатыр. Мысалы, бұл тізімге SMM маманы, таргетолог, мобилограф және басқа да көптеген мамандық кірмей қалған. Сондықтан біз арнайы салық режимі негізінде шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, мысалы, жер қойнауын пайдалану, қаржылық қызмет көрсету, акциздік өнімдер саласына қатысты тыйым енгізуді ұсынып отырмыз»,- дейді одақ өкілі.

Осы орайда кәсіпкерлер шағын бизнеске арналған арнайы салық режимін шағын және орта бизнеске қолдануды ұсынады. Мұндайда 500 млн теңгеге дейін табыс табатында бірыңғай салық мөлшерлемесі бойынша 2 пайыз, 500 млн теңгеден жоғары салық ставкасы 3 пайыз, 5 млрд теңгеден жоғары салық бойынша 4 пайыздық мөлшерлемені ұсынып отыр. Бұл жағдайда кәсіпкерлерге бизнесін бөлудің экономикалық қажеттілігі болмайды. Бизнесмендерге өз кәсібін бірнеше жеке кәсіпкерлікке бөліп жүргізгеннен гөрі 1% артық салық төлегенді жөн санауы мүмкін.

«Шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі бойынша кәсіпкерден тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде шегерімдер бойынша шектеулерді алып тастауды ұсынамыз. Егер ШОБ-тың негізгі бөлігі арнайы салық режимі бойынша жұмыс істеп, кіріске салық төлесе, онда ешкімге салықты оңтайландыру және қосымша шегерімдерді салу қажет болмайды»,- дейді Зайыров.

Одақ мүшелері қызметкерлерді тіркеген кезде жалақыға бір реттік төлемді шағын ғана емес, орта бизнеске де таратуды ұсынып отыр. Олар бірыңғай төлем мөлшерлемесін өсірмей, 20% деңгейінде белгілеуді ұсынады. Бұл ШОБ-тың барлық қызметкерін ауыртпалықсыз рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге жаңа кодексте 30 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтер бойынша салықтан босату туралы ереже алынып тасталады. Жаңа редакцияда дивиденд алушылар оның 10% көлемінде салық төлеуі керек.

«Кәсіпкерлер барлық салықты төлегеннен кейін, таза пайдадан дивиденд алып отыр. Сондықтан 30 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтерді алу кезінде, ең болмағанда, салықтан босатуды ұсынамыз»,- дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, Салық кодексінің осы күйінде қабылдануына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қарсы. Олар кодекстің шала екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз