Елдегі шағын және орта бизнестің даму әлеуетіне банктер қаншалықты сенеді?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Шағын және орта бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 3,2%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін өсті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда экономикаға берілген несиелер жыл басынан бері 7,1%-ға өсіп, 30,1 трлн теңгені құрады. Экономикаға берілген кредиттер құрылымында бизнестің үлесі 4,5%- ға 11,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында айтты.

Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 3,2%-ға 5,9 трлн теңгеге, жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 23,1%-ға 1,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Ірі бизнеске берілген несиелер көлемі неліктен төмендеді?

Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, бұл ретте ірі кәсіпкерлерге берілген қарыздар 0,9%-ға төмендеген.

«Бұл негізінен осы санаттағы банктердің бірінің ШОБ қарыздары санатына қайта жіктелуіне байланысты. Жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықта кредит берудің өсуінің тарихи тұрғыдан баяулауы байқалады. Ал негізгі өсу екінші жартыжылдыққа сәйкес келеді», – деді ҚНРДА өкілі.

Несиеге сұранысты көрсететін маңызды көрсеткіш – жаңа қарыздар беру статистикасы

Спикердің сөзінше, 2024 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бизнес 8,2 трлн теңге жаңа қарыздар алды. Ол 2023 жылғы 6 аймен салыстырғанда 19,8%-ға артық.

Бұл ретте ірі бизнеске жаңа кредиттер 2023 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 21,7%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін өсті. ШОБ субъектілеріне берілген кредиттер 10,8%-ға 3,4 трлн теңгеге дейін артты.

Жеке кәсіпкерлер алған жаңа қарыздар 1,2 трлн теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,4%-ға артық.

«Дара кәсіпкерлік бойынша осы көрсеткіштің өсу қарқынының баяулауы негізінен геосаяси жағдайдың нашарлауына қарай 2022 жылғы салыстырудың төмен базасымен байланысты», – деп түсіндірді спикер.

Несие беру қарқынының өсуіне қандай факторлар ықпал етті?

Спикер қарыз берудің өсуі өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, құрылыста және саудада байқалатынын айтты. Ірі көлемдегі өтеулерге байланысты көлік және байланыс салаларында кредит берудің төмендеуі байқалады.

«Ұлттық банк сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерінің кредитке деген сұранысының артуына әсер еткен факторлар – айналым қаражаттарын және негізгі қорларды қаржыландыру қажеттілігі, кредиттік ресурстар құнының төмендеуі», – деді агенттік өкілі.

Ал корпоративтік кредит беру нарығында белсенді банктер Halyk Bank, «БанкЦентрКредит», ForteBank, Kaspi, сондай-ақ Bank RBK болды. Олар портфель өсімін және бизнеске жаңа кредиттердің негізгі көлемін қамтамасыз етті.

Алдағы уақытта агенттік қарыз алушының тәуекелін бағалау рәсімдерін цифрландыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, жыл басынан бері экономикаға берілген несие көлемі 35,8 трлн теңгені құрады. Бұл сомаға банктердің бизнеске берген несиесі, ипотека, МҚҰ-лар қарызы, квазимемлекеттік ұйымдардың несиесі кіреді. Ұлттық банк дерегінше, экономикаға берілген несиенің жартысына жуығы – банк секторының бизнеске берген несиесі.

Сондай-ақ оқыңыз