Ел экономикасы жылына 6,7 пайыз өсім көрсетуі тиіс: Президент Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2029 жылға дейінгі даму жоспарын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Осы жоспарға сәйкес, жалпы ішкі өнім жыл сайын 6,7 пайыз өсуі керек. Бұл ел экономикасының 2023 жылғы өсімімен салыстырғанда біршама жоғары. Былтыр ел экономикасы 5 пайызға жетеғабыл өсім байқатқан болатын.
Ұлттық даму жоспарында 2014 жылдан бастап ел экономикасының орташа жылдық өсу қарқыны баяулап келе жатқаны атап өтіледі.
«Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту және орнын толтыру үшін жеткіліксіз», – делінген бағдарламада.
Сонымен қатар 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнім 450 млрд долларды құрайды деген болжам бар. 2023 жылы бұл көрсеткіш 264 млрд долларды құраған болатын. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім өсімі 21 055 долларға жетуі тиіс. Былтыр жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 мың доллардан сәл асты. Осылайша жан басына шаққандағы ЖІӨ 1,4 есе өспек. Ал тұрғындардың өмір сүру жасы 77 жылға жетуі керек.
«Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 39 көрсеткішін қамтитын негізгі ұлттық индикаторлардың картасы қалыптастырылды, олардың декомпозициясы Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес салалар мен өңірлер бөлінісінде жүргізілетін болады», – делінген жоспарда.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 14,7%-дан 23%-ға, сыртқы инвестициялардың үлесі 20,7%-дан 30%-ға дейін жетеді. Алайда жоспарда 2029 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция ағыны 25,8 миллиард долларға дейін төмендейтіні жазылған. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 28,2 миллиард долларды құраған болатын.
Бизнеске берілген несие көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 185 пайыз өсуі тиіс деген мақсат қойылған.
Жоспардың 2024 жылдың ақпан айында «Ашық НҚА» сайтында жарияланған жобасында Қазақстандағы медиандық жалақы 374 мың теңгеге (2022 жылы 221 мың теңге болған) жететіні жазылған еді. Бірақ Президент қол қойған құжатта бұл тармақ жоқ. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемін 45%-ға арттыру мен өндіріс көлемінің ұлғаюы сияқты негізгі көрсеткіштер де алынып тасталған.
Ұлттық даму жоспары шеңберінде экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидат айқындалған:
- Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру және ынталандыру;
- Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат;
- Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу;.
- Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару;
- Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін және үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау.