Қазақстанның мемлекеттік қарызы жарты жылда 1,5 трлн теңгеге артқан

Жарияланды
Қазақстанның мемлекеттік қарызы
Қазақстанның мемлекеттік қарызы 1 қаңтарда 27 трлн теңге көлемінде болған / Фото: kursiv.media

Қазақстанның мемлекеттік қарызы қаңтардағы 27,17 трлн теңгеден 28, 72 трлн теңгеге дейін өскен. Солайша жарты жылда мемлекет қарызы 1,5 трлн теңгеге артқан. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің мемлекеттік борышқа қатысты жартыжылдық есебінде жазылған.

«2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш 28 721,4 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге қатысты 21,3%-ды құрады. ЖІӨ – 134 952,3 млрд теңге», – делінген министрлік есебінде.

Мемлекеттік борыштың жалпы көлемінде үкіметтік борыш үлесі 95,1%-ды құрайды. Ол – 27, 32 трлн теңге. Үкіметтік борыштың 20,18 трлн теңгесі, яғни 74%-ы – ішкі борыш. Ал 26%-ы сыртқы борыш. Оның көлемі – 7, 13 трлн теңге көлемінде.

Сонымен бірге дисконтталған құны бойынша ҚР Ұлттық Банкінің ішкі борышы бар. Банктің қысқамерзімді ноталары 400,6 млрд теңге немесе жалпы мемлекеттік борыш көлемінің 1,4%-ын құраған.

Ал жергілікті атқарушы органдардың борыштық міндеттемелер портфелі шамамен 996 млрд теңге немесе жалпы мемлекеттік борыштың 3,5%-ы көлемінде қалыптасқан.

Министрліктің хабарлауынша, үкіметтік қарыз алу 2024 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде жүзеге асырылған. Ведомство есебінде 2024 жылдың 1 жартыжылдығында мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) шығару арқылы ішкі қарыздардың түсімі 3 612,7 млрд теңгені құрағаны жазылған. Ал сыртқы қарыздардың түсімдері 47,6 млрд теңге көлемінде.  

Үкіметтік борыш өтеу мерзімі бойынша мынадай түрде қалыптасқан:

  • қысқамерзімді – 686,7 млрд теңге;
  • ортамерзімді – 3 245,2 млрд теңге;
  • ұзақмерзімді – 23 392,9 млрд теңге;

Бірінші жартыжылдықтағы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету төлемдері 1, 39 трлн теңге құраған.

Айта кетсек, Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 27 триллион теңгені құрағанын мәлімдеген еді. Ол кезде қарыздың көлемі ЖІӨ-ге қатысты 22,8 пайыз болған.

Ал 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттің қарызы 15,2% өсіп, 29 167, 2 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Jusan Analytics зерттеуінде жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз