Қытай Қазақстаннан бидай импортын тоқтатты. Астық бағасы арзандай ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Экспорттық астық келісім-шарттары бір аптада 20 долларға арзандады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қытай Қазақстанмен бидай саудасын тоқтатқанын мәлімдеді. Бұған себеп ресми Бейжіңнің импорт ережелерін біржақты өзгертуі. Салдарынан қазақстандық астық бағасы арзандауы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» зерттеу бюросына сілтеме жасап хабарлады.

Мысалы, экспорттық астық келісім-шарттары бір аптада 20 долларға арзандады.

«Нарық жаңа маусымның бастапқы бағасын қалыптастыра бастады. Өкініштісі, ол қолайсыз факторлардың қысымымен жасалған. Бірінші фактор – объективті деп қарауға болады. Жақында Ұлттық статистика бюросы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары туралы алдын ала деректерді жариялады. Алдағы уақытта бидай көбірек жиналады анықталды. Бұл жоғары өнімділікті болжап тұр. Демек деректер баға төмен болатынын растайды», – деп хабарлады АШМ.

Бидай бағасының төмендеуіне себеп болған тағы бір фактор – өнімнің көп болуы. Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша бидай алқабы 13,1 млн гектарды құрады. Сонымен қатар, өткен жылдың күзінен бері тағы 264,1 мың гектар күздік бидай қалған.

Бидайдың бір келісінің орташа бағасы шілде айындағы жағдай бойынша 123 теңге, тоннасына 103 мың теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, 2024 жылдың соңына қарай бидай жинау 17 млн тоннадан асады.

«Астықтың көптеп егілуі және Қытаймен сауданың тоқтап қалуы Орталық Азиядан келген сатып алушылардың сауда позициясын нығайта түсті», – деп хабарлады бюро.

«Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» зерттеу бюросы мәліметінше, ішкі нарықта 23 және одан жоғары глютені бар жұмсақ бидай 80 тг/кг-дан аспауы керек.

«Біз бұл бағаларды кестеге әлі қоспаймыз, өйткені мұндай бағамен мәмілелер жоқ. Қазір элеватордан келетін 1 келі астықтың құны ішкі нарықта 62-126 теңге аралығында. Тамыздың басындағы жағдай бойынша бұл бағалар бойынша мәмілелер тіркелген жоқ», – деп хабарлады бюро.

Бұл ретте зерттеу бюросы бидайды сатуды ұсынады. Бір апта бұрын да ведомство дәл осындай ұсыныстар жолдады. Ол кезде бидайдың бағасы тұрақты болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда аталған мәліметтердің барлығы ұсыныстар мен сараптамалық бағалар ретінде берілгенін және ведомствоның ресми ақпараты емес екенін түсіндірді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан президенті еліміз Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз