2024 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 4,6%-ға өскен: бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе төмен
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі небәрі 4,6%-ға өскен. Атап айтқанда, 2024 жылдың шілде айында Қазақстанда күнкөріс минимумы 51,7 мың теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,6%-ға ғана артық екен.
Бұл көрсеткіш өткен жылдардағы статистикамен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мәселен, пандемия тұсында, яғни 2020 жылы күнкөріс деңгейі – 13,7% болған. 2021 жылы – 14,1%, 2022 жылы – 16,4%, 2023 жылы – 10,5% болған.
Қазақстанда күнкөріс деңгейі жоғары өңір – Маңғыстау облысы. Мұндағы күнкөріс минимумы 63,5 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 2,1%-ға артық.
Содан кейінгі орындарда 56,9 мың теңгемен Астана қаласы, 55,1 мың теңгемен Шығыс Қазақстан облысы, 54,9 мың теңгемен Алматы қаласы, 52,6 мың теңгемен Ұлытау облысы тұр.
Тізімді ең соңғы боп Түркістан облысы тұйықтаған. Өңірде күнкөріс деңгейі 45,2 мың теңгені құраған. Өмір сүру минимумы төмен көрсеткіш көрсеткен өңірлер арасында Қызылорда (46,2 мың теңге) мен Ақтөбе (47 мың теңге) облыстары бар.
Ал өмір сүру минимумы бір жылда айтарлықтай артқан өңірлер ішінде Алматы көш бастап тұр. Мұнда бір жылда өсім 7,3%-ды құраған. Ең аз өсім көрсеткен Астана қаласы. Бас қалада күнкөріс деңгейі бір жылда 0,8%-ға өскен.
Жас ерекшеліктері бойынша күнкөріс минимумы 0,5 пен 1 жас аралығындағы балалар арасында 34,5 мың теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 6,2%-ға артық екен. Ең жоғары көрсеткіш 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде тіркелген. Бұл жас аралығындағы күнкөріс минимумы бір жылда 4,5%-ға өсіп, 65,4 мың теңге болған.
Еске сала кетсек, наурызда Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 692 теңгеге жеткенін хабарлады.
Түсіндіріп өтсек, күнкөріс деңгейі ең төменгі тұтыну себетіне тең. Себет бойынша азық-түлік, коммуналдық қызмет, көлік, медицина, білім беру тауарлары мен қызметтер бағасы есепке алынады. Елімізде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы болып есептелінеді.