Бизнес орталықтар мен қонақүй, әкімшілік ғимарат: Бас прокуратура басқарушы компанияға 82 млрд теңгенің активін тапсырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Басқарушы компанияға 48 нысан берілді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бас прокуратура активтерді қайтару шеңберінде басқарушы компанияның теңгеріміне 48 нысанды берді. Бұл активтердің жалпы құны – 82 млрд теңге.

Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің хабарлауынша, олардың қатарында бизнес-орталықтар, қонақүй кешені, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар мен пәтерлер бар. Алайда комитет заңға сәйкес, бұл активтер кімнен қайтарылғаны ашық жарияланбайтынын айтады.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның 8-бабы, 3-тармағына сәйкес, толық мәлімет беру мүмкін емес», – делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Осы дүние-мүлікті өз балансына алған басқарушы компания 48 нысанның екеуін сатқан. Астана қаласында орналасқан элиталық жылжымайтын мүлік 473 млн теңгеге сатылса, Алматыдағы қоғамдық ғимарат 732 млн теңгеге өткен.

Сонымен қатар басқарушы компания Алматы қаласы мен Жетісу облысында орналасқан бірнеше нысанды жалға берген. Олардан айына 80 млн теңге кіріс түседі деп жоспарланған.

Нысандарды сату және жалға беруден түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Ал қордағы қаражат әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Заңсыз активтерді қайтару қашан басталды?

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Заңның мақсаты – «активтерді қайтару және оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру» деп көсетілген.

Қазақстан Республикасында заңсыз жолмен тапқан табысқа сатып алынған бүкіл активке іздеу салынады. Заң мәтінінде бұндай табыстарға әкімшілік ресурсты пайдалана отырып тапқан табыстың бәрі жататыны жазылған. Тергеу басталуы үшін белгілі бір тұлғаның бұл активтерді заңды түрде иемденгеніне орынды күдік туындауы жеткілікті.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті айналысады. Бұл комитет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2023 жылы құрылды.

Бас прокуратура қайтарған активтер «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» меншігіне өтеді. Бұл компания да жұмысын сол жылы күзде бастады. Компанияның жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі. Бұл ретте ел Үкіметі Заңсыз иемденген активтерін өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдік беріледі деп уәде етіп отыр.

2024 жыл басынан прокурорлар мемлекетке 325 млрд теңге мөлшерінде заңсыз шығарылған активті, 400 млн теңге болатын зергерлік және мәдени құндылықтарды қайтарып берген. Сондай-ақ заңсыз сатып алынған 513 мың гектардан астам жер учаскесі тәркіленді. 

Сондай-ақ оқыңыз