Шымкент, Павлодар қаласының тұрғындары киноға, ал ақтөбеліктер көбіне футболға барып демалғанда жөн көреді. Бұл туралы журналистермен кездесу барысында Freedom Ticketon билеттерді онлайн-сату сервисінің бас директоры Виктория Торгунакова айтты.
Тикетоннан Павлодар, Шымкент, Алматы, Қарағанды, Астана қаласының тұрғындары киноға, Қостанай қаласының тұрғындары концертке және Ақтөбе қаласының тұрғындары спорттық шараларға, оның ішінде футболға билетті жиі сатып алады.
Компанияның ішкі статистикалық деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы концерттік іс-шараларға орташа чек 28 232 теңгені құрады. Бұл қазақстандықтар сатып алған өткен жылғы билет құнымен салыстырғанда 37%-ға артық. Виктория Торгунакова орташа чектің өсуін елдегі концерттер санының артуымен байланыстырады.
Театр билеттерінің құны да өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскен, яғни 28%-ға артып, орташа есеппен 10 552 теңгені құрады. Бұған көрші елдерден келген гастроль қойылымдар, камералық жеке театрлардың көптеп келуі әсер еткен.
2024 жылдың жеті айында Ticketon сайты мен қосымшасында сатылған билеттер саны – 2 871 747. Бұл жалпы 2023 жылы сатылған билеттердің санынан сәл ғана аз – 2 936 875. Компания басшысы осы сандарды негізге ала отырып, жыл соңында билет сатылымы былтырғы көрсеткіштен екі есе жоғары болады деп болжады.
Бұдан бөлек Тикетоннан билет сатып алатындардың жасы мен жынысына да мән берілген. Олардың 65,7%-ы әйелдер, 34,3%-ы ер адамдар. Жас ерекшелігіне байланысты көбіне сауда жасайтын 25-34 жас аралығындағы (30,1%), 18-24 жастағы (23,8%) адамдар, сондай-ақ 35-44 жастағы (21,7%) азаматтар.
Freedom Ticketon кездесу барысында алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Алдағы уақытта компания режиссер Рашид Нұғмановтың «Тұлпар» кино премьерасын қайта жандандыруды және қазақстандық өнерпаздардың аймақтар бойынша турларын ұйымдастыруды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, Виктория Торгунакова 13 және 14 қыркүйекте Astana Arena алаңында өтетін Димаш Құдайбергеннің концертін ерекше атап өтті.
«Алғашқы күні концерт билеттерін шығарғанда 40 астам елден сатып алушылар біздің сайтқа келді. Димаш Қазақстанда екі күн қатарынан үлкен стадионды жинаған тұңғыш отандық әнші болмақ. Бұл, шын мәнінде, қазақстандық ойын-сауық индустриясы үшін айтулы оқиға», – деді Торгунакова.
Freedom Ticketon – мәдени-спорттық шараларға билеттерді онлайн сатып алуға болатын платформа. 11 жыл бұрын ашылған компания қазір Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарығында қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің 13 қыркүйек күні Астанада өтетін концертіне билеттердің барлығы сатылып кеткеніне байланысты келесі күні тағы концерт беретіні белгілі болған.