Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісін сырттай соттап жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісін сырттай соттап жатыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийді Ресей астанасы Мәскеудің Басман аудандық сотында сырттай соттап жатыр. Экс-елшіге Ресей азаматтарына деген өшпенділік пен араздықты тудырды деген айып тағылған. 

Ресей Бас прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, сот Врублевскийге қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысын бекітті. 

«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың тамызында Врублевский Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде берген сұхбат барысында Ресей азаматтарына қатысты зорлық–зомбылық әрекеттерін жасауға итермелейтін, алауыздық тудыратын мәлімдеме жасады», – делінген хабарламада. 

Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге «орыстарды өлтіруге» шақырғаны үшін федералды және халықаралық іздеу салған. Тергеу органдары оны іздеуге және экстрадициялауға тырыспақ. Дипломат Ресейде сырттай сотталады.

Врублевский аталмыш сөздерді 2022 жылы Украина Қазақстандағы елшісі болған кезде қазақстандық блогер Диас Кузаировқа берген сұхбатында айтқан. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елшінің бұл сөзіне наразылық білдіріп, «дипломатиялық қызмет өкілдерінің қызметіне сәйкес келмейтінін» атап өткен. Қазақстан халқы ассамблеясы да елшінің бұл сөзіне наразылық білдірген. Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақырып, «мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайтынын айтқан».

2022 жылдың қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді елші қызметінен босатты. Ол бұл қызметті 2020 жылдан бері атқарып келген. Қазір Қазақстанда Украина елшісі жоқ, яғни әлі тағайындалмаған. Ақпан айының басында Ресей Врублевскийді террористер мен экстремистер тізіміне енгізген.

Ал 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады

Сондай-ақ оқыңыз