АҚШ билігі банк карталарынан ақша ұрлайтын форумды басқарды деген айыппен қазақстандық және ресейлік азаматты қамауға алды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Күдіктілерге WWH Club форумына әкімшілік етті деген айып тағылып отыр / Фото: архив kursiv.media 

АҚШ-тың Флорида штатында ресейлік Павел Кублицкий мен Қазақстан азаматы Александр Ходырев кибералаяқтық жасады деген айыппен қамауға алынды. Америка билігі оларды банк карталарынан ақша ұрлау және заңсыз алынған ақпаратты сатуға арналған WWH Club darknet форумына әкімшілік етті деп айыптайды.

Ресейдің «Коммерсантъ» басылымының хабарлауынша, прокурорлық құжаттарда Ресей мен Қазақстан азаматтарына «15 немесе одан да көп рұқсат етілмеген қол жеткізу құрылғыларын иемдену  үшін сөз байласу» деген айып тағылған. ФБР күдікті азаматтарды банктік деректер базасын бұзу және банк шоттарынан ақша ұрлау туралы нұсқауларды сатып алуға болатын WWH Club форумына тікелей қатысы бар деп санайды. Тіпті аталмыш форумды басқаруға жауапты болған деп  есептейді.

Ал АҚШ-тың Court Watch басылымы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, WWH Club форумына 170 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Ол жерден банктік шоттардан ақша ұрлауды үйрену, несие картасының ұрланған деректері арқылы тауарларды сатып алу, DDoS және спам-шабуыл ұйымдастыру мүмкін болған.

ФБР мәліметінше, Павел Кублицкий мен Александр Ходырев АҚШ-қа 2022 жылдың желтоқсан айында келіп, баспана сұраған. Олар Оңтүстік Флоридада тұрған. Іс материалдарына Кублицкий де, Ходыревта Америка Құрама Штаттарында ресми түрде жұмыс істемегені көрсетілген.

«Курсив» ҚР Сыртқы істер министрлігінен қазақстандық азамат Александр Ходыревтің ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме беруін сұрады.

«Американдық тараптан ресми ақпарат болған жоқ, біз АҚШ құқық қорғау органдарынан растауды сұрадық. Сондықтан азаматымыздың ұсталғаны туралы растай да, жоққа шығара да алмаймыз», – деп мәлімдеді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Шілде айының соңында TSARKA кибершабуылды талдау және тергеу орталығы Қазақстандықтардың жеке дерегі тағы тарап кеткенін мәлімдеген еді. Орталықтың мәлімдеуінше, Telegram мессенджерінде BreachForums атты хакерлер форумындағы деректер базасын желіге жариялаған. Бұл форум 2022-2023 жылдар аралығында зиянды бағдарламалар мен ұрланған деректердің саудасымен танымал болған. Орталық ұсынған ақпаратқа сүйенсек, хакерлер форумында Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз