Өзбек тарапы Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жіберуге келісті
Өзбекстан Қазақстанға тағы 500 млн текше метр су жібереді. Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев осындай келісімге келді.
Айта кетейік, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберген. Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы 4 айда келісілген су көлемін жіберген.
Енді Өзбекстан Қазақстанға тағы жарты миллиард текше метр су жіберетін болды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жұмыстардың барлығы оңтүстік өңірлердегі шаруалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр.
«Бүгінде Шардара су қоймасында 1,5 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 млрд текше метр су келді», — деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Ведомство өкілі Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілгенін мәлімдеді. Бұл да былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр су, ал 590 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілген.
«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», — деді министрлік ресми өкілі.
Мамыр айында өткен мемлекетарылық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Өзбекстан тарапы «Достық» каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберетіні жайлы айтылған болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 350-370 млрд теңге қаражат керек. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, соңғы 30 жылда республика аумағында небәрі 5 су шаруашылығы құрылыстары салынған. Оның ішінде тек екеуі ғана маңызды ірі жоба саналады. Оның бірі – Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегіші болса, екіншісі – Астана қаласының қорғаныс бөгеті.