Ауыр жүк көлігі Астанадағы LRT-ның бір бөлігін қиратып кетті. 3 адам зардап шекті
Астанада ауыр жүк көлігін тиеген трал LRT конструкциясын қиратып кетті. Салдарынан үш жаяу жүргінші зардап шекті.
Кеше, 8 тамызда, кешкілік уақытта болған апат жайында зардап шеккендердің бірі, музыкант Роман Ойченко өзінің Instagram парақшасында баяндап берді.
«Біз қойылымнан кейін қайтып бара жатқан едік, LRT өткелінен өтпек болған жүк көлігі кенеттен соғылды, сыртындағы құрастырылған құрылымы үстімізге құлады, есімді жиып үлгердім, бет-ауызым қанға боялды, тас блоктың кішкене бір бөлігі басыма түсіпті, жарақат алдым. Жалпы жағдайым бірқалыпты, бастысы аман қалдық, алайда қорқып қалдық. Жедел жәрдеммен ауруханаға тексерілуге бара жатырмыз, нейрохирургке тексеруге жіберді », – деп жазды Астана тұрғыны.
Оқыс оқиға салдарынан зардап шеккен екінші тұрғын да әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайды баяндап берді.
Оқиға Ұлы дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында болған.
Астана полиция департаментінің мәліметінше, арнайы ауыр техника тиеген SHACMAN тралының жүргізушісі көлік габаритін есепке алмай LRT құрылымына соғылған.
«Оқиға салдарынан жол жиегінде келе жатқан үш жаяу жүргінші зардап шекті. Аталған факті бойынша тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады Астана қаласының полиция департаменті.
Еске салсақ, биыл мусым айының соңында Астанадағы LRT бағаналарының бірінде өрт шыққан еді. Оқыс оқиға Алматы ауданындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында салынып жатқан бөлігінде болған еді.
LRT құрылысы қашан аяқталады?
Astana LRT құрылысы 2011 жылы басталып, ЭКСПО- 2017 халықаралық көрмесіне дейін аяқталуы тиіс еді, бірақ мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Оның құрылысына 2023 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Ал жалпы жобаға 600 млн доллар керек. Бұл жайлы 2023 жылдың мауысымында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтқан.
Әкім 2 жылда құрылыс жұмыстары аяқталып, бірінші кезеңі бойынша станциялар іске қосылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше 2025 жылға қарай астаналықтар 5 пойыздың жүргеніне куә бола алады.
Астана қаласында бірталай жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған LRT жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Ол көп қаражат жұмсалғанымен нәтиже көрінбейтініне наразы.