«Геосаяси қатер, іскерлік кеңес пен суды әділ бөлісу»: Орталық Азия басшыларының консультативтік кездесуінде Тоқаев қандай мәселе көтерді?
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларын геосаяси сын-қатерлерге қарсы бірігуге шақырды. Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Президент су саясатына қатысты да маңызды үндеу тастады.
Бүгін, 9 тамызда, елордада Мемлекет басшысы Тоқаевтың төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі өтті.
Жиында қазақ басшысы Консультативтік кездесулердің нәтижесі бұрын-соңды болмаған деңгейге шықанын мәлім етті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатқанын тілге тиек етті.
«Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергі жойылды. Шекарадағы өткізу пунктері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларын геосаяси сын-қатерлерге қарсы бірігуге шақырды
Тоқаев қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың сақтау өте маңызды екенін мәлім етті. Өйткені Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар мәселелер барын айтты. Сөзінше, халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырап отыр.
«Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді Орталық Азияны қауіпсіз етуге барынша күш-жігер жұмсауға шақырды. Экономикалық базаны қалыптастыру да аса маңызды екенін айтты. Десе де Орталық Азия елдерінің бір-бірімен сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бүгінде ол көрсеткіш 11 млрд долларға жеткен. Тоқаев енді тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдері дамытуы тиіс салаларды да жіктеп шықты.
«Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді нығайту қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру ұсынылды
Ел Президенті Қазақстанның «Орталық Азия Іскерлік кеңесін» құру туралы ұсынысын құптайтынын да мәлім етті. Өйткені аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі дамыту мен стратегияларды қабылдау аса маңызды. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» сияқты бастамалардың маңызы айрықша.
«Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Су саясатында Қазақстанның ұстанымы қандай?
Қазақстан басшысы су мәселесінде де қарап қалмай, мемлекеттің ұстанымын жеткізді. Мәселен, Тоқаев су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану қажет екенін, яғни суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібі болу керек деп есептейді. Осы орайда Президент жаңа су саясатын әзірлеуді ұсынды.
«Өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек. Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады», – деді Мемлекет басшысы.
VI Консультативтік кездесудің соңында президенттер 8 құжатқа қол қойды. Олардың ішінде «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы, Аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы секілді маңызды құжаттар бар. Өндірістік кооперацияны дамыту, көлік-логистикалық орталықтарын дамыту және Көлік және Энергетика министрлерінің коммюникесі сынды құжаттарға да Орталық Азия басшылары қол қойды.
Айта кетейік, бүгін, 9 тамызда, VI Консультативтік кездесуде бас қосқан Орталық Азия елдерінің басшылары бір ай бұрын Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне де қатысқан болатын.