100 млн теңге шығын келтірген: Жетісу облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Жетісу облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Бұл жайлы Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау органдары бүкіл ел бойынша алаяқтықпен және ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан қылмыстық топтың қызметінің жолын кесті», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қылмыстық топты ұстау операциясы кезінде күдіктілердің тұрғылықты жерінен 35 ұялы телефон, 135 сим-карта, 2 пневматикалық тапанша және 3 қымбат көлік тәркіленген.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі таңда жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп, зардап шеккендер анықталып жатыр.
Құзырлы органдар 70 жәбірленушіні анықтаған. Оларға алаяқтар 100 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Осы орайда прокуратура азаматтарды қырағы болуға әрі банктік шоттардың деректемелерін ешкімге бермеуді ескертеді. Сондай-ақ үшінші тұлғаларға ақша аудармау керек екенін айтады.
Айта кетсек, бүгінде алаяқтардың айласы артқан. Алаяқтар енді жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтып алдауға кірісті. Олар қазақстандықтарға жаңа төлемді қалай алуға болатынын айтып, хабарландыру таратады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауға шақырады.
Сонымен бірге алаяқтар өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдаудың жаңа тәсілін ойлап тапқан. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді.
Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан телефон шалады.
Бұған дейін Астана полицейлері Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын хабарлады. Алаяқтар кез келген қазақстандықпен бар болғаны үш секунд бейнеқоңыраумен сөйлесcе, аляқтар олардың атынан несие рәсімдеп үлгере алады.