Тараздан 77 шақырым жерде 4,4 балдық жер сілкінісі болды
Бүгін, 10 тамыз күні сағат 10:26-да Тараз қаласынан 77 шақырым жерде жер сілкінді. Бұл жайлы Қазақстан ұлттық деректер орталығының сайтында хабарланған.
«2024 жылдың 10 тамызы Астана уақыты бойынша сағат 10:26 Қазақстан ұлттық деректер орталығының жедел деректері бойынша, Қырғызстанда жер сілкінісі болды. Эпицентр координаттары: солтүстік ендік 42,67 градус, шығыс бойлық 72,16 градус. Магнитудасы mpv=4,4 энергетикалық класы K=9,8», – делінген хабарламада.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, жер сілкінісі Қырғызстан аумағында Талас елдімекенінің оңтүстік-шығысында 13 шақырым жерде болған.
Жер асты дүмпулері 20 км тереңдікте болған.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта 5 балдық жер сілкінісі тіркелген болатын.
Қуаты осы шамалас жер сілкінісі 4 наурыз күні сағат 11:22-де қайталанды. Ол кездегі жер сілкінісінің магнитудалық қуаты жер сілкінісі болған нүктеге 6,1 балды құраса, Алматыда 5 балды болды.