Астанадағы бұршақ салдарынан бірнеше ұшақ зақымданып, рейстер кешігіп жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Астана әуежайында бұршақ салдарынан 4 ұшақ зақымданған / Фото: kursiv.media

Астана әуежайында 15 рейс 9 сағатқа кешіккен. Бұған Астанада, кеше, 9 тамыз күні жауған бұршақ әсер еткен. Нақтырақ айтқанда, 9 ұшып келу, 6 ұшып кету рейсі кешіккен. Бұл жайлы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

«10 тамыз сағат 14:10-дағы жағдай бойынша Астана әуежайынан ұшуға 9 рейс және ұшуға 6 рейс кешіктіріледі, рейстер тоқтатылған жоқ. Бүгін Астана-Алматы бағыты бойынша КС 622 рейсі қозғалтқыш бөлшектерінің зақымдалуына байланысты 9 сағатқа кешіктіріледі. Алматыға «FlyArystan» әуекомпаниясының рейсі 10 тамызда сағат 16-20-да ұшады деп жоспарланған», – деп хабарлайды комитет.

Астана қаласында жауған бұршақтан «Эйр Астана» әуекомпаниясының 4 әуе кемесі зақымданған. Бұл кейінгі рейстердің кешігуіне әкелген.

Комитет жолаушылардың ұшу қауіпсіздігіне байланысты рейстердің кешіктірілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта Азаматтық авиация комитетінің, Авиациялық көлік прокуратурасының, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметкерлері рейстердің кешігу жағдайын өз бақылауына алған.

Осы жағдайға байланысты комитет жолаушыларға авиакомпаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінде рейстің мәртебесі мен ұшу уақытын алдын ала нақтылауды ұсынады.

Ал рейстен қалып қойған жолаушыларға салқын сусындар, ыстық тамақ беріліп, бір бөлігі қонақүйге орналастырылған.

Еске сала кетсек, Астанада екі күннен бері 1,5 айлық мөлшерде жауын-шашын түсіп, салдарынан қаланың бірнеше көшесінде жол қозғалысы шектелген. Ал жұма, 9 тамызда, жауын арты ірі бұршаққа ұласқан.

«Қазгидромет» мәліметінше, екі күн ішінде Астанада 48 мм жаңбыр жауған, айлық норма – 31 мм. Яғни екі күн ішінде жауын-шашын мөлшері 1,5 айлық мөлшерден асып түскен.

Сондай-ақ оқыңыз