Пәтер, көлік, жылқы: қазақстандық Олимпиада спортшыларына қандай сыйлықтар берілді?

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Пәтер, көлік, жылқы: Қазақстандық Олимпиада спортшыларына қандай сыйлықтар берілді? / фото: коллаж, бильд-редактор Ахтам Зиперов

11 тамыз күні Париж-2024 жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Ұлттық құрама қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола – барлығы 7 медаль бар. Қазақстандық спортшыларға ақшалай сыйақыдан бөлек қандай сыйлықтар берілді?

Қазақстанда Олимпиададағы жеңісі үшін жүлде төлемдерінің өзіндік мөлшері белгіленген. Алғашқы үш орынға 250 мың доллар, 150 мың доллар және 75 мың доллар көлемінде жүлде беріледі. 4-ші орыннан 6-орынға ие болған спортшылар 30, 10 және 5 мың доллар алады.

Мемлекеттен төленетін сыйақыдан бөлек спортшыларға облыс әкімдігі, спорт федерациялар және Мәжіліс депутаттары сыйлақтарын жаудырды.

Солардың ішінде үстел теннисінен ерлер арасында 9-орын алған Кирилл Герасименкоға Қазақстанның үстел теннисі федерациясы Астанадан 2 бөлмелі пәтер сыйлады.

Сондай-ақ әйелдер арасында дзюдодан өнер көрсетіп, жүлдесіз қалса да, халықтың ықыласына бөлінген Әбиба Әбужақынова елге оралғаннан кейін, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров спортшыға Kia CEED автокөлігін сыйға тартты. Бұл туралы депутат өз Instagram парақшасында жариялады.

«Әбибаға неге көлік сыйладық?

Ең алдымен, бір дүниені нақтылап жіберейін: Спортшы қызымызға берілген сыйлық – ол жанкүйерлерден, елдің атынан берілген марапат. Осыған келісіп алайық.

Қайдағы марапат дейтіндер үшін: Әбиба Олимпиадаға дейін 2022 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін, 2021 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарының күміс жүлдесін жеңіп алған спортшы. Демек Әбиба Абужақынова қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы әлем чемпионатының жүлдегері. Қателессем, түзетіңіз. Осы маңдай тер құрметтеуге, елеп-ескеруге тұрады деп ойлаймын», – деді Қожаназаров.

Сонымен қатар грек-рим күресінен 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадраевты жерлестері Toyota Land Cruiser 300 көлігімен күтіп алды. Сондай-ақ балуанның анасына жаңа үй берілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Олимпиаданың алғашқы күнінде алтын жүлде алған Елдос Сметовке туған жері – Таразда 5 бөлмелі пәтер берілді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Олимпиада чемпионына пәтер мен Lexus 600 көлігінің кілтін табыс етті. Чемпионның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те марапатсыз қалмады – 2 бөлмелі пәтер алды.

Сондай-ақ оқыңыз