Иранның Израильге шабуылы 1-2 күнде басталуы мүмкін: АҚШ аймаққа әскери кемелерін жіберді
Израиль Иран мен «Хезболланың» шабуылына дайындалып жатыр. Аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты АҚШ Израильге зымырандармен жабдықталған суасты қайығы мен ұшақ тасығышын жіберді.
Бұл жайлы АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин хабарлаған. Министр ядролық қуатпен жұмыс істейтін Georgia су асты қайығы мен F-35C жойғыш ұшақтарымен жабдықталған Авраам Линкольн ұшақ тасығыштары жіберілгенін айтқан.
Остин Американың Израильді Иранның кез келген шабуылынан қорғауға дайын екенін әрі Вашингтон өзінің одақтасын қорғау үшін аянбайтынын жеткізген.
Айта кетсек, Иран 31 шілдеде Тегеранда өлтірілген «Хамастың» саяси жетекшісі Исмаил Хания үшін қарымта қайтаруды жоспарлап отыр. Ал «Хезболла» әскери қолбасшысы Фуад Шукрдың өлімі үшін кек алмақшы. Екі тарап бұл оқиғалардың артында Израиль тұр деп есептейді.
Екі аптадан бері Таяу Шығыстағы жағдай қатты шиеленісіп тұр. Иранның қарымта қайтаруға қашан көшетіні белгісіз. Таяу Шығыстағы шиеленісті бақылап отырған сарапшылар, қақтығыс бірнеше күнде немесе бірнеше сағатта басталуы мүмкін деп болжап отыр.
Өңірдегі шиеленіске байланысты бірнеше жолаушы тасымалдайтын авиакомпаниялар осы маңнан ұшатын рейстерін тоқтатты. Германияның Lufthansa компаниясы 12 тамыз күні Израильдегі Тель-Авивке, Ливан астанасы Бейрутке, Иорданияның астанасы Амманға, Ирактағы Эрбилге және Иран астанасы Тегеранға рейстерді 21 тамызға дейін қауіпсіздік мақсатында тоқтататынын хабарлады.
Swiss Air компаниясы Тель-Авив пен Бейрут бағытындағы рейстерді тоқтатты. Air France 29 шілдеде Бейрутқа ұшатын рейстерін тоқатқанын мәлімдеген еді. Одан бөлек AirBaltic және EasyJet компаниялары да бұл аймаққа ұшпайды.
Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұрған сәтте Палестина президенті Махмуд Аббас Мәскеуге келді. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде палестина-израиль қақтығысының шиеленісуі және Газа секторындағы бұрын-соңды болмаған гуманитарлық апат туралы пікір алмасады.