«Жылдың аяғына дейін ешқандай демалыс жоқ»: Шарлапаев тасқын судан зардап шеккен өңірлер қалпына келмей, еңбек демалысына шықпайтынын айтты
Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі құрылыс аяқталмайынша, еңбек демалысына шықпайтынын айтты.
Журналистер министрден қайда демалғанын сұрады.
«Мен демалысқа шыққан жоқпын. Қазір судан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатырмын. Сол себепті өңірлерге көп баруға тура келеді. Бұл аралықта демалуға еш мүмкіндік болмады. Менің ойымша, жылдың аяғына дейін ешқандай демалыс болмайды», – деді министр.
Сонымен бірге брифинг барысында «Курсив» журналисі министрден өзі айтқан отандық автокреслолар мен шиналар жөнінде сұрады. Шарлапаев шиналардың нақты қандай дүкендерде сатылатынын атай алмады. Бірақ отандық өнідірістің бар екеніне Қарағандыдағы зауытқа барып көз жеткізуге болатынын айтты. Бірақ журналистер Қарағандыдағы зауытқа барғанын, ешқандай шина өндірілмейтінін алға тартты.
Министрдің айтуынша, автокреслолар жеке жабдық ретінде сатылмайды. Олар қазақстандық автокөлікпен бірге дайын күйінде шығады.
«Автокресло жеке жабдық ретінде сатылмайды. Ол көлік ішінде жүреді. Өндіріс бар», – деді министр.
«Курсив» бұл мәселеге қатысты нақты жауап алу мақсатында Өнеркәсіп жән құрылыс министрлігіне сауал жолдады.
Еске сала кетсек, Қанат Шарлапаев утильалымға қатысты петиция мәселесі көтерілгенде, елде автокреслолар мен шиналар шығарыла бастағанын, утильалым сол өндірушілерді қолдау үшін қажет екенін айтқан.
«Елімізде қазіргі таңда машинау жасау индустриясы енді дамып жатыр. Бүгінгі күні автомобильге арналған орындықтарды, автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналарды, автокөлікке арналған пластиктерді шығарамыз. Одан ары қарай үлкен пластикалық өнімдерді құюға көшеміз. Өйткені үлкен заттарды сырттан тасу өте тиімсіз. Ондай заттар көп орын алады әрі жеткізу де қиын»,– деді министр.