«Дикий Арман» өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын алға тартып, Тоқаевтан сот процесін ашық өткізуді сұрады
«Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев өзіне қатысты сот процесін ашық өткізу туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жасады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз конференциясында оның адвокаттары айтты.
Адвокат Елена Жигаленок «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» ісі бойынша күдікке ілінген Жұмагелдиевтің ашық хатын оқыды. Хатта ол «өзінің беделін түсіретін» ақпараттық шабуылды тоқтатуға шақырған. «Қаңтар туралы» оқиғаны баяндап, президент Тоқаевтан ашық сот өткізуді сұраған.
«Президент пен Қазақстан халқына құқық қорғау органдары маған қатысты жасап жатқан ақпараттық шабуылына байланысты жүгінемін. «Қантар күндері тәртіпсіздік ұйымдастыруға тырысқан» деген әңгіме тарауда. Олар қылмыстық істерді бұрмалап, мені, мемлекет пен бейбіт халықты қорғаған патриоттарды жамандау амалдарын жасауда», – делінген хатта.
Жұмагелдиевтің қорғаушысы Рена Керімова соңғы уақытта оған қатысты ақпараттың көп тарап жатқанын атап өтті. Мәселен, жақын арада «Дикий Арман» қылмыстық тобына қатысы бар 15 адамның ұсталуы туралы тараған ақпаратты атап өтіп, құқық қорғау органдарының бұл қылмыстық істерді Жұмагелдиевпен қалай байланыстырып отырғанын білмейтінін айтты.
Күдікті де өз хатында өзіне жасалған ақпараттық шабуылды тоқтату үшін сот процесін ашық өткізу керек екенін айтты.
«Өкінішке орай, прокурорлар мен жәбірленушілер соттың жабық болуын сұрады. Алайда халық кімнің батыр, кімнің қорқақ екенін біледі. Мен ұялатын ештеңе жоқ — керісінше! Ең қиын уақытта заңның жағында болып, өз елімді қорғағанымды мақтан тұтамын. Президент Қаңтардағы аласапыран туралы бәрін біліп, дәлелдерімді тыңдап, Арманның сатқын емес екендігін түсінеді деген үміттемін. Бар шындықты ашу үшін сотымды ашық өткізуді сұраймын», – делінген хатта.
Дегенмен қорғаушылар сотты ашық өткізу президенттің құзырында емес екенін айтып, хат мәселеге оның назарын аудару үшін жазылғанын атап өтті.
7 тамызда арнайы операция кезінде «Дикий Арманның» қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен 15 адамға тергеу жұмыстары басталған. Тамыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп Алматы және Шымкент қалаларында бір уақытта «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі болуы мүмкін 15 адамды ұстап, тінту шараларын жүргізген.
2023 жылы қыркүйекте Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арманға» қатысты сот басталған болатын. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, Жұмагелдиевке Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты, Махатов криминалдық тобының белсенді мүшесі Қайрат Құдайберген белсенді көмектескен.