Трамп Илон Маскке берген сұхбатында Tesla-ны мақтады және ЖИ тұтынатын энергияның көптігіне алаңдаушылық білдірді
Tesla басшысы Илон Маск АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптан сұхбат алды. X әлеуметтік желісіндегі хабар Солтүстік Американың шығыс уақыты бойынша сағат 20:40 шамасында басталып, шамамен екі сағатқа созылды. Уолл-стрит сарапшылары электромобильдер туралы әңгіме айтылады деп күткен еді. Алайда Трамп бұл тақырыпқа тереңдеп бойлай қоймады.
Электромобильдер
Масктің Трамппен сұхбаты басталмай тұрып Wedbush талдаушысы Дэн Айвс екеуара әңгімені: «Уолл-стрит сарапшылары мұқият бақылайды», – деп ескертті. Ол Трамптың «экономикалық кең көзқарасында электромобильдердің қандай орын алатыны» туралы пікірін күтетінін айтты. Алайда электрокарларды әрдайым сынап отыратын Трамп бұл туралы аса көп дүние айтпады.
«Сіз шынында да керемет көлік шығарып отырсыз», – деді Трамп Маскке берген сұхбатының екінші сағаты басталар тұста. – «Бұл электромобильдер бәріне қажет дегенді білдірмейді. Бірақ керемет өнім шығарып отырғаныңыз даусыз».
Barron’s-тің хабарлауынша, Маск шілде айында Трамптың кандидатурасын қолдағаннан кейін республикалықтар атынан президенттікке үміткердің позициясы айтарлықтай жақсарды. Ақ үйге оралған жағдайда Трамп әлі де болса электромобильдерді сатып алу кезінде берілетін салық жеңілдіктерін алып тастауға ниетті. Алайда оның сайлаушыларға уәде еткен реттеудің жаңа дәуірі Tesla-ға федералды бақылауды әлсіретуі мүмкін. Бұл бақылау автопилот технологиясының қауіпсіздігінен бастап, Масктің кәсіподақтарға деген қарсылығына дейінгі әртүрлі аспектілерге байланысты.
The Hill-дің америкалық сайлаушылардың 114 сауалнамасына сүйене отырып жасалған есебіне назар аударсақ, сайлау додасында Трамп қазір демократиялықтар атынан кандидат Камала Харристен 1,4% дауысқа артта қалып отыр.
Жасанды интеллект
Трамп жасанды интеллекті бар деректер орталықтары пайдаланатын электр энергиясының көлемінің үлкендігіне алаңдаушылық білдірді.
«Бұл жағдай мені алаңдатады. ЖИ жалпы ел өндіретін энергиядан екі есе көп энергияны қажет етеді. Сіздердің өндірістеріңізге көп электр қуаты қажет», – деді ол.
Жасыл энергетиканың негізгі жақтаушыларының бірі болған Tesla басшысы күтпеген жерден мұнай-газ саласын қорғап, қазба байлықтан дереу бас тартудың қажеті жоқ екенін айтты. «Бұл үйдегі өртке ұқсамайды», – деді Маск.
Трамп нені айтпады?
АҚШ президенттігіне үміткер криптовалюта туралы ештеңе айтпады. Ал өткен айдағы Bitcoin 2024 конференциясында сөйлеген сөзінде криптовалютаны қолдайтыны туралы айтқан еді. Трамп пен Маск сұхбат барысында көзқарастары сәйкес келмейтін бірнеше басқа маңызды тақырыпты қозғаған жоқ. Мәселен, Федералды резерв жүйесі, медиа компаниялар және астронавтика туралы ештеңе айтылмады деп хабарлады MarketWatch.
Акциялардың жайы
Tesla акциялары дүйсенбі, 12 тамызда, Нью-Йорктегі сауда-саттықта 1,2% жоғалтты. Басқа автомобиль өндірушілерінің қағаздарының сатылымы да нашар болды. Ford Motor және GM бағалары сәйкесінше 2,4% және 1,1% төмендеді.
Сарапшылар Tesla акцияларының шамамен 9%-ға өсу әлеуеті бар деп санайды: орташа мақсатты баға – бір қағаз үшін 215,77 доллар. Компания акцияларын қадағалайтын 56 сарапшының 22-сі қағаздарды инвестициялық портфельде ұстауға кеңес береді әрі сол көлемдегі акцияларды сатып алуды ұсынып отыр.