Еуроодақ Грекия мен Албания орманындағы өртті сөндіруге көмектесу үшін тікұшақтар мен ұшақтар жолдауда

Жарияланды (жаңартылды )
Еуроодақ өртті сөндіруге тікұшақтар мен ұшақтар жіберуде/ фото kursiv.media

Еуроодақ орман алқабындағы өртті сөндіре алмай жатқан Грекия мен Альбанияға көмектесуге ұйғарды. Азаматтық қорғаныс механизмі бойынша ЕО Грекияға тікұшақтар мен ұшақтар жібереді.

Грекияда 15 тамызға дейін ахуал күрделі болады деп есептелінген. Алапат өрт 11 тамыз күні Афина қаласынан 35 км жерде басталған. Күшті желден жалын одан сайын өрши  түсті. Табиғи апаттан орман зардап шекті. Таулы аймақтарда адам аяғына баспайтын ну жыныс отқа оранған.

 «Грекияның Аттика аймағына келетін болсақ, комиссия Италиядан екі өрт сөндіру ұшағын, Франциядан бір тікұшақ пен Сербиядан бір тікұшақ жіберді. Маусым басында Чехия, Франция, Италия, Сербия және Румыния – алты елден Грекияға қосымша күштер жолдаған едік», – деді Еуропалық комиссияның өкілі Балаз Уйвари Euronews ақпарат агенттігіне.

Еурокомиссия Афина маңы мен Албанияның оңтүстік аймағында өрт күшейіп, жергілікті билік дабыл қаға бастаған соң азаматтық қорғаныс тетігін іске қосты. Албанияда өртті сөндіріп жатқан әскерилерге Румыния 6 тонна су тасымалдай алатын көп мақсатты әскери ұшақ береді.

Сондай-ақ оқыңыз