1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі / фото: shutterstock.com

2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артқан. Тегін ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар қамтылады.

Сондай-ақ мектептерде бұдан бөлек тегін және жеңілдікпен тамақтанудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Енді оқушылар eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» арқылы тамақтана алады. Пилоттық жобаны Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып іске қосты. Жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылап, жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бағдарлама Ақмола, Маңғыстау облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында сынақтан сәтті өтті. Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 500 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін ата-аналарға 43 307 теңгеден таратып беретіні туралы жазған едік. 2024 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетеді. Олардың қатарында АӘК алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз