Айтбек Амангелдіге Салтанат Нүкенованы еске алу қорын тіркеуге бесінші рет рұқсат берілмеді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге Әділет министрлігі @saltanat.foundation қорын заңды тіркеуден бас тартты. Бұл жайында ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Мамыр айының басында Айтбек Амангелді зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, қарындасы Салтанат Нүкенованы еске алуға арналған арнайы қор құратынын хабарлаған болатын. Ондағы мақсаты тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету екенін айтқан.
Алайда Айтбек Амангелді Әділет министрлігінен бесінші мәрте тіркеуден бас тарту туралы хабарлама алып отыр.
«Мен қордың жарғысында №9 тармақтың неге кедергі келтіретінін түсінбеймін»…Қордың жарғылық мақсаттарына сәйкес келетін және ҚР қолданыстағы заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлеріне» делінген. Қалай болғанда да, мен осы тармақсыз алтыншы рет өтініш бердім, тағы бес күн күтуім керек», – деп жазды Салтанат Нүкенованың ағасы.
«Курсив» Әділет министрлігіне неліктен қор құрудан тас тарту туралы шешім шығарылғанын білу үшін сауал жолдады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда шықты. Сот үкімімен Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың рецидиві деп танылды. Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.
26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
23 шілдеде Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге ауыстырылғаны белгілі болды.
Қуандық Бишімбаев пен қылмысты жасырған Бақытжан Байжановтың ісі Жоғарғы сотқа түскен. Сот кабинетіндегі жазбада сот ісі 2 тамызда басталып, 5 тамызда судьяға берілгені жазылған.