Қазақстан қаржы секторындағы кибершабуылдар бойынша әлемдік рейтингте 10-орында тұр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан қаржы секторындағы кибершабуылдар бойынша әлемдік рейтингте 10-орында тұр / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан қаржы қатерлері рейтингінде әлемде 10-орында тұр. Рейтинг қаржы саласында кибершабуылдарға ұшыраған адамдар санына, зиянды бағдарлама шабуылдарына тап болған пайдаланушылардың жалпы санына байланысты жасалады. 

Bluescreen басылымының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда банк секторына кибершабуылдар кезінде 85% жағдайда троя әдісі қолданылады. Яғни пайдаланушылар зиянды сілтемелері бар құжатпен спам-хабарламалар алады. 

Ең көп таралған шабуылдар қатарына бағдарламалардың осал тұсын қолдану, веб-қауіптер (зиянды веб–ресурстар, жалған URL мекенжайлары және IP мекенжайлары), HackTool типті қосымшалар және құрылғыға зиянды бағдарламаны жасырын жүктеу үшін сілтемелер жіберу кірген.

Қаржы индустриясы үшін ең үлкен қауіп (63%) – Trojan-Banker.Win32.CliptoShuffler және Trojan-Banker.Win32.ClipBanker (яғни жүйеге кіру үшін жалған сілтемелер жіберіп отыру). Олар кез келген бір құрылғыдан ақпарат алмасу буферінің мазмұнын көшіріп алып, крипто әмиян нөмірлерін немесе несие карталарын іздейді. Жүйеге кіре алған жағдайда оларды өздеріне аударып алады.

21 ақпанда қытайлық хакерлер тобы екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының инфрақұрылымын бақылап отырғаны белгілі болған. GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Құпия деректерге сай, бір қытайлық хакерлік топ 2 жылға жуық уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымына толық қол жеткізген.   

Өз кезегінде ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бұл ұрлықтың артында үлкен бір мемлекеттің мүддесі жатуы мүмкін екенін айтты. Ол сондай-ақ бұл ұрлықты Қытай жасады деп дөп басып айта алмайтынын да жеткізді. 

Сондай-ақ оқыңыз