«Сақ стиліндегі» 10 000 теңгелік жаңа банкноталар қыркүйектен бастап жаппай айналымға шығады – Ұлттық банк
Қыркүйектен бастап «Сақ стилі» жаңа сериясымен шыққан номиналы 10 000 теңгелік банкнотаның жаппай айналымға шығатынын хабарлады.
Бұл номиналдаға жаңа банкноталар 2024 жылғы 28 маусымнан бастап айналымға енгізілген болатын. Бірақ жаппай айналымға әлі шықпаған еді.
«10 000 теңгелік жаңа банкноталар жаппай айналымға 2024 жылдың шамамен қыркүйек айынан бастап түсе бастайды. Себебі еліміздің барлық өңіріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу белгілі бір уақытты қажет етеді», – делінген банк хабарламасында.
Сондай-ақ ҚҰБ жаңа дизайндағы 10 000 теңгелік банкнотаның негізгі қорғаныш элементтері жайлы нұсқаулық шығарған. Бұл нұсқаулық азаматтарға шынайы банкнотаны жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектеседі.
Жаңа дизайндағы банкнота сипаттамасы
Банк мәліметінше, банкнотада рельефті қалыптастыратын – арнайы алтын интаглио баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Банкнота беткі шетінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтері қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі бар.
Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп бар. Оны жарыққа тосып қарағанда бір тұтас жіп болып анық көрінеді. Сонымен қатар банкнотаның бет жағында «Барыс» артефактының көлемді бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан.
Банкнотты аударып қараған кезде тау шыңының және номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері және сәулелердің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері пайда болады.
Түсі өзгермелі терезедегі өтпелi жарықта тау шыңының сұлбасы алтын түстен көк түске өзгередi.
Банкнотаның екінші бетінде «Аузында грифондар бар Барыстың басы» артефактінің көлемді бейнесі түрінде Спарк қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді. Жеке көркемдік элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояуы басылған.
Еске сала кетсек, 15 қараша күні Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырды.
Ал 2023 жылдың 25 желтоқсанынан бастап жаңа дизайндағы, номиналы 5 000 теңгелік «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы айналымға шықты.