Рианна брендінің бұрынғы басшысы бас директорлыққа келгелі Victoria’s Secret акциялары қымбаттады

Жарияланды
Victoria’s Secret іш киім брендінің акциялары Нью-Йорктегі сауда-саттықта 21%-ға өсті /Фото: Reuters/Toby Melville

Victoria’s Secret іш киім брендінің акциялары Нью-Йорктегі сауда-саттықта 21%-ға өсті. Сөйтіп екі айдан астам уақыт ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті. Компания осы уақытқа дейін поп-жұлдыз Рианнаның Savage X Fenty брендін басқарған Хиллари Суперді бас директор етіп тағайындады. Бұған қоса Victoria’s Secret екінші тоқсандағы пайдаға қатысты болжамын арттырды.

Айтпақшы, басшылықтың ауысуы Starbucks-қа да оң әсер еткенін айта кетейік. Бір күн бұрын компания басшылығы өзгерген болатын. 

Толығырақ

Victoria’s Secret акциялары сәрсенбі, 14 тамыз күнгі сауда-саттықта көтерілді. Атап айтқанда, акциялардың құны 21,5%-ға – 23,17 долларға дейін өсті. Бұл 3 маусымнан бері компания қағаздары үшін максималды мән болып саналады. Сауда-саттық кезінде өсім шамамен 14%-ға дейін баяулады.

2024 жылдың басынан бері Victoria’s Secret қағаздары құнының 28%-ын жоғалтты (сейсенбі, 13 тамыздағы сауда-саттық жабылар тұстағы жағдай бойынша). Салыстырар болсақ, S&P 500 индексі сол кезеңде 13,9%-ға өсті.

Акциялар неге өсті?

9 қыркүйектен бастап Хиллари Супер Victoria’s Secret компаниясының жаңа бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі атанады, деп хабарлады компания 14 тамызда. Мартин Уотерс екі лауазыммен де қош айтысады. Бірақ 31 тамызға дейін компанияның кеңесшісі болып қала береді. Өйткені қызметті жаңа директордың қолына ын-шынсыз тапсыруы керек. Басшының міндетін қаржы және әкімшілік директоры Тимоти Т. Дж. Джонсон уақытша атқарады.

Хиллари Супер – бөлшек сауда саласындағы табысты әрі тәжірибесі мол топ-менеджер. 2023 жылдың маусымынан бастап әнші Рианнаның Savage X Fenty брендін басқарды. Оған дейін 2017-2021 жылдары Anthropologie брендінің (Urban Outfitters-ке қарайды) жаһандық бас директоры болды. Bloomberg-тің жазуынша, Х.Супер Victoria’s Secret-тің төрт жыл ішіндегі үшінші басшысы болмақ. Vital Knowledge Media президенті Адам Крисафуллидің айтуынша, инвесторлар оның маркетплейстерде жақсы қырынан танылып жүрген Fenty-дегі қызметін ескеріп, оның компания басшылығына келгеніне дән риза.

Сондай-ақ Victoria’s Secret екінші тоқсандағы пайда туралы болжамын күрт жақсартып, бір акцияға 0,34-0,39 долларды белгілеп отыр, деп жазды MarketWatch. Бұл FactSet ұсыныстарын бақылайтын сарапшылардың ортақ бағасынан әлдеқайда жоғары: олар 0,16 долларды күтіп отыр. Компания болжамды қайта қарауды Victoria’s Secret Dream топтамасының сәтті іске қосылуымен және шілде айында Pink Friday back to campus іс-шарасының сәтті өтуімен байланыстырды.

MarketWatch компанияның мәлімдемесіне сүйене отырып, «Біз төртінші тоқсан қатарынан Солтүстік Америкадағы сату нәтижелерінің айтарлықтай жақсарғанына қуандық. Өнімді қабылдау жақсарып, тауарлы-материалдық қорларды басқару жоғары маржаны қамтамасыз етті. Сонымен қатар біз шығындардың құрылымын жақсартуды жалғастырамыз. Бұл қадам 2021 жылдан бері алғаш рет жылдық салыстыруда тоқсандық операциялық пайданың өсуіне жол ашады», – деп хабарлады.

Victoria’s Secret 29 тамызда екінші тоқсанның толық нәтижелерін жариялауды жоспарлап отыр.

Акциялардың жайы

MarketWatch мәліметтері бойынша, Victoria’s Secret-ті 12 сарапшы бақылайды. Олардың үшеуі ғана компанияның акцияларын сатып алуға кеңес береді. Тағы үшеуі инвесторларға қағаздарды ұстауды ұсынса, алтауы оларды сатуға кеңес беріп отыр. 19,17 доллар сомасындағы ортақ баға олардың қазіргі құнына сәйкес келеді.

Контекст

Маусым айының басында Victoria’s Secret бірінші тоқсан мен мамырдағы оң нәтижелерге қарамастан, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша сатылым төмендейтінін хабарлады. Ретейлер бір акцияға шаққандағы түзетілген кірісті 0,05 доллардан 0,2 долларға дейін түзетті. «Солтүстік Америкадағы нарықтың жағдайын ескере отырып, қысқа мерзімді перспективада бизнесті консервативті түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Мартин Уотерс. Бұған дейін ол компания Солтүстік Американың бөлшек сауда нарығындағы жеңілдіктер мен үлкен бәсекелестікке байланысты қиындықтарға тап болғанын мойындады.

13 тамызда бас директордың күтпеген жерден ауысуы Starbucks-тың да акцияларының көтерілуіне жол ашты. Инвесторлар Chipotle мексикалық фаст-фуд желісінің бұрынғы басшысы Брайан Никколдың компанияның жаңа басшысы болып тағайындалуын үлкен ынтамен қабылдады: Starbucks акциялары сол сәтте шамамен 24%-ға қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз