«Біздің әулет шындық жолында күресіп келеді»: Ержан Тәтішевтің інісі Президентке жүгінді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Ержан Тәтішевтің інісі Президентке жүгінді / Фото: kursiv.media

2004 жылы 19 желтоқсанда оқыс қаза тапқан банкир, «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевтің інісі, кәсіпкер Еркін Тәтішев Президентке үндеу жасап, көмек сұрады. Онда ол бауырының өліміне кінәлі азаматтың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуына алаңдаушылық білдірген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Президент мырза! Мен – Еркін Тәтішев, отандық кәсіпкер, «Кусто групп» компаниясының негізін қалаушымын. Сізге Тәтішевтер әулетінің атынан жазып отырмын. Қонаев қаласы сотының шешімі бойынша бауырымның өліміне кінәлі азамат шартты түрде бостандықта жүруі себепті сізге жүгінуге мәжбүрмін. Бұл жолдау – шарасыздықтан туып отырған жайы бар.

Менің бауырым – Ержан Тәтішев. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкердің бірі еді. «Казкоммерцбанк», «Тұран Әлем» банкі және «Астана Холдинг» группасы мен бизнес саласының бірнеше бағытын тоғыстырған жан.
Төрт баланың әкесі – нағыз батыр, өз елінің, Қазақстанның патриоты. 2004 жылы 19 желтоқсанда желке тұсына тиген оқтан қаза тапты. Оқ атқан адам артында отырған Мұратхан Тоқмәди еді», – дейді үндеуде кәсіпкер.

Тәтішевтің айтуынша, аталған іс 14 жыл бойы тергеліп келеді. 14 жыл бойы «жүйе» қылмысты абайсызда болған оқиға деп жауып келді.

«Бірақ біздің әулет шындық жолында күресіп келеді. Сайып келгенде не үшін шындық жария болмай келгені белгілі болды. Бауырымның өліміне тапсырыс беруші Мұхтар Әблязов ұйымдастырушы және координатор есебінде – Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы (сол уақытта) генерал Дутбаев және оның нөкерлері екен. Барлығы бір Ержанға шабуыл жасап, сатқындардың қармағына салып берген. Кісі өлтіруші Мұратхан Тоқмәди де сол қатардан табылған. Айта кетейін, ол 90-шы жылдардың бұзақысы, рэкетир, «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі», – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ағасының өліміне басты себеп – «Тұран Әлем» банкін басып алу және басқа да активтерді иелену болған.

Айта кетейік, «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда аңшылық кезінде қайтыс болды. Алғашқы кезде оның өлімі кездейсоқ жағдай деп айтылғанымен, кейін тапсырыс бойынша, қасақана жасалған қылмыс екені дәлелденді. Кейінгі жылдары кәсіпкер саналып келген Мұратхан Тоқмәди мұны Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен жасағанын мойындады. Ол 2017 жылы ұсталып, 2018 жылы 10,6 жылға сотталды. 2022 жылы наурыз айында Қазақстан Президентінің атына ашықхат жолдап, өзін қинап мойындатқанын мәлімдеді. Ал өткен аптада Алматы облыстық соты Тоқмадидің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырғаны белгілі болды. Артынша Тәтішев отбасы мәлімдеме жасап, бұған қарсылық білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз