Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады – заңгер

Жарияланды
Суд
Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын шыға ала ма / Фото: Shutterstock

Заң тұрғысынан қарағанда, Қайрат Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін қылмысының ауыр, жеңілдігіне қарай, сотталған мерзімінің 1,5 немесе 2,3 бөлігін өтеуі керек. Бұл туралы заңгер Айман Омарова айтып берді.

«Сотталған баптарына қайшы келмесе, уақыты келген кезде, әрбір сотталған адам өз құқығын пайдаланып, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш жаза алады. Өтінішті жазасын өтеп жатқан мекеме орналасқан жердің сотына береді. Мәселен, Абай облысында болса, Семей сотына, Шығыс Қазақстанда болса, Өскеменнің сотына жібереді», – дейді Айман Омарова.

Бірақ өтініш қаралған кезде, оның мінезі, қылмыстық атқару жүйесі  комитетіне қарасты мекеме режимін бұзған-бұзбағаны ескеріледі.

«Іс бойынша мемлекетке немесе басқа тұлғаларға келтірілген залалды өтесе, талап-арыз түспесе, сот шартты түрде бостандыққа шығаруға шешім қабылдауы мүмкін», – дейді заңгер.

Айман Омарова Қайрат Сатыбалдының активтерін мемлекетке ың-шыңсыз қайтарып беріп жатқанының бір себебі осында екенін меңзейді.

«Қайрат Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығудың амалын жасап жатқан шығар. Келтірген залалды толық өтесе, өтініш жазған кезде әсері болады. Сот, ең алдымен, келтірген шығынды өтеген-өтемегенін сұрайды», – дейді заңгер.

Десе де заңгер бұл істің моральдық жағы да бар екенін көрсетеді. Тұрмыстың тауқыметінен қылмыс жасап, он жылға сотталып жүрген адамдар аз емес. Олардың ішінде көпбалалы аналар да бар.

«Олар келтірген шығынын өтей де алмайды. Беретін де ештеңесі жоқ. Ал халыққа, мемлекетке орасан зор шығын келтірген адамдар ұрлағанын қайтарып, жазадан құтыла салғаны дұрыс емес. Бұл – халықтың, сіз бен біздің салықтарымыздан  құралған қаржы. Оған қол сұғу мемлекетке опасыздық жасағанмен бірдей нәрсе деп есептеймін», – дейді Айман Омарова.

2022 жылы қыркүйек айында Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық соты «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның мүлкін талан-таражға салу, «Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік залал келтіру фактісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған-ды.  Биыл қаңтар айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыға «салық төлеуден жалтарды» деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Айта кету керек,Қайрат Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке құны 783 млрд теңгеге жуық активтерді қайтарған.

Мұның алдында,192 млн теңгелік Rolls-Royce, 20 млрд теңгелік вилла және өзге де активтердің қайтарылғанын, Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған Kaisar Tower бизнес орталығы қыздар университетіне берілгенін, БАӘ, Аустрия, Лихтенштейннен 356 млн доллар қайтарғанын, Барахолкадағы құрылысы аяқталмаған павильон мен бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келетінін, өзіне тағылған айыпты толық мойындағанын жазғанбыз.  

Сондай-ақ оқыңыз