Президент Үкімет мүшелерімен кеңес өткізіп, мемлекеттік шығындарды реттеуді тапсырды
Президент Үкімет мүшелерімен кеңес өткізіп, еліміздің экономикалық жағдайын талқылады деп хабарлайды Ақорда.
Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, Үкімет мүшелері және басқа да лауазымды тұлғалар қатысқан.
Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және Үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған болжамдарын талқылаған.
Ведомство басшылары президентке негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, республикалық бюджеттің биылғы 7 айдағы орындалуы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы макроэкономикалық параметрлер жөнінде баяндаған.
Сонымен бірге Үкімет келесі жылы экономика 5,6 % деңгейінде өсім көрсететіні, ал инфляция 5,5-7,5 % деңгейіне дейін төмендейді деп болжам жасап отыр.
Жиын барысында мемлекет басшысы Үкіметке макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау және мемлекеттік бюджет сапасын арттыруды тапсырған. Сондай-ақ орталықтағы және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік шығындарды басымдығына қарай реттеудің нақты механизмін енгізуді, көлеңкелі экономикамен күрес шараларын күшейту міндетін жүктеген.