Моңғолияның мектеп бағдарламасында орыс тілінің орнына ағылшын тілі оқытылады
Жаңа оқу жылынан бастап Моңғолияның мектеп бағдарламасында негізгі шет тілі ретінде ағылшын тілі оқытылады, деп хабарлады білім министрі Пуревсуренгийн Наранбаяр.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында 100 мектепте тест режимінде Pearson English бағдарламасы іске қосылып, онлайн және оффлайн оқытылмақ.
Моңғолия ағылшын тілі пәні мұғалімдерін шетелде – ең алдымен Филиппиндегі магистратурада дайындауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, биыл тамыздың басында Моңғолияға сапармен барған кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ұланбатырда АҚШ-тың қолдауымен ағылшын тілі орталығы ашылады деп уәде еткен.
Айта кетейік, Моңғолия мектептерінде орыс тілі негізгі шет тілі пәні ретінде Кеңес одағы кезінде енгізілген. Мектептердің басым көпшілігінде орыс тілі жалғыз шет тілі пәні болатын. 2023 жылы Моңғолия парламенті қабылдаған заң бойынша, елдегі мектептерде негізгі шет тілі пәні ретінде ағылшын тілі бекітілген.