«Оқушыны сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген»: Қызылорда полициясы ескерту жасады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Оқушыны сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген»: Қызылорда полициясы ескерту жасады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қызылорда полициясы жалған ақпарат таратқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерту жасады. Policia.kz ақпаратына сүйенсек, ескерту «мектеп оқушысын сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы» ақпаратқа қатысты жасалған.

«Әлеуметтік желіде «Члены школьного ОПГ из Кызылорды держали в секс-рабстве одноклассницу» тақырыбында және осы істің айналасындағы жағдай бойынша көптеген шындыққа сәйкес келмейтін, тексерілмеген жалған ақпараттар шығып, олар барлық әлеуметтік желілер арқылы таратылып отыр. Жалған ақпарат тез тарайды және тұрғындардың арасында үрей туғызады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – делінген орган хабарламасында.

Құқық қорғау органы әлеуметтік желі арқылы көрінеу жалған ақпарат таралғанына байланысты қылмыстық іс тіркеп, күдіктілерді анықтап жатқанын жеткізген.

Дегенмен полиция нақты қай ақпараттың жалған екенін түсіндірмеген. Себебі «мектеп оқушысын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу» дерегіне қатысты қылмыстық істі тіркегені жоққа шығарылмаған. Кәмелеттік жасқа толмаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейіннен тергеу соты үйқамаққа жіберілген.

Полиция жәбірленушінің 6 ай бойы құқық қорғау органдарына шағымданбағанын атап өткен. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, істің мән-жайы жан-жақты, толық және объективті түрде жүргізіліп жатқанын айтады.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты қылмыстық іс тіркелген.

8 тамызда Қызылорда қаласында «16 жасар оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген» деген ақпарат тараған. Зардап шеккен қызбен кездесуге бала құқықтары жөнінде уәкіл барды.

Сондай-ақ оқыңыз