«Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың саны артып, 3000-нан асты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Астана" халықаралық қаржы орталығы
«Астана» халықаралық қаржы орталығына жыл басынан бері 500 компания тіркелді / Архив: kursiv.media

«Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың саны 3000-нан асты. 3000-шы компания болып Сауд Арабиясында тіркелген ACWA Power – суды тұщыландырумен айналысатын әлемдегі ең ірі жеке меншік компания тіркелді.

ACWA Power ұйымы «жасыл» сутегіні қолдануға бірінші болып көшкен әлемдегі энергетикалық көшбасшылардың бірі.

«Бұл АХҚО-ның негізгі міндеттерінің бірі – төмен көміртекті экономикаға көшуді, «жасыл» инвестицияларды тартуды және қолдаушы қаржылық экожүйені құруды қоса алғанда, орнықты даму мақсаттарына жәрдемдесуге тікелей сәйкес келеді», – деп жазылған хабарламада.

Бүгінде қаржы орталығында 82 елдің компаниялары тіркелген. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Үндістан бар. Аталған елдерден қатысушылардың болуы АХҚО-ның жаһандық қаржы орталығы ретіндегі тартымдылығын арттырады.

«Орталық қатысушылары санының өсуі АХҚО-ның жалпы құқық қағидаттарына негізделген бірегей құқықтық базасын айқындайды. Қолайлы салық шарттары және қатысушыларының бизнес-операцияларын қолдауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынады. Орталық құрылған сәттен бастап қаржылық, технологиялық, энергетикалық және басқа салаларды қоса алғанда, түрлі секторлардан компанияларды тартуда. Осылайша Қазақстан мен өңірдің инновациялары мен экономикалық дамуына ықпал етуде», – деп хабарлады АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

Еске сала кетсек, «Астана» қаржы орталығы арқылы Қазақстанға 12 млрд доллар инвестиция тартылған. Инвестиция көлемі 2025 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен асып кеткен. Жыл басынан бері қаржы орталығына жаңадан 500 компания тіркелген. 

Айта кететіні, жаңа Салық кодексінде АХҚО үшін  жеңілдіктер алынып тасталуы мүмкін. Жаңа Салық кодексі жобасы салық жеңілдіктерінің қысқаруына, соның ішінде KASE және AIX биржалары үшін де жеңілдіктің қысқаруын және ҚР резиденттері үшін бағалы қағаздар мен дивидендтердің өсуіне 5%-дық салық енгізуді қарастырады.

АХҚО үшін жеңілдіктерді алып тастау жайлы ұсыныс, әсіресе, нарық қатысушыларын таңғалдырып отыр. Өйткені «Астана» халықаралық қаржы орталығы» туралы Конституциялық заңы бойынша жеке және заңды тұлғалар АХҚО қатысушы-компанияларының акциялары мен дивидендтерін сату кезінде құн өсімінен түсетін табысқа ЖТС мен КТС салығын төлеуден босатылады. Заңның бұл нормасы 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылу керек.

Сондай-ақ оқыңыз