Ресей Сыртқы істер министрлігі «тарих оқулығындағы Ресей империясының агрессиясы туралы» сабаққа қатысты Армения билігін сынға алды. Дәлірек айтқанда, Мәскеуге XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы Оңтүстік Кавказдағы оқиғалардың Армения тарихында «империяның жаулап алуы» деп жазылуы ұнамаған.
Мәскеу 8-сыныптың тарих кітабындағы «Шығыс Арменияны Ресейге күштеп қосу» деген тақырыппен жария болған 1826-1828 жылдардағы орыс-парсы соғысы жайлы тарауға ашуланған.
«Армян билігі мұндай оқулықты мектептерге жібермейді, ортақ тарихымызды бұрмалауға жол бермейді деп үміттенеміз», – делінген Ресей СІМ хабарламасында.
Ресей ведомствосының ақпаратына сүйенсек, осы кезген дейінгі тарихи деректерде 1828 жылғы соғыстан кейінгі келісім «армян мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін маңызды қадам» деп бағаланған.
«Мұндай тұжырымдарды енгізу арқылы Армения тарихи деректерде сақтау жөніндегі өз міндеттерін бұзады. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Армения Республикасының премьер-министрі Никола Пашинянның 2022 жылғы 19 сәуірдегі бірлескен мәлімдемесінде: тараптар ортақ тарихқа бірдей көзқарас сақтай отырып, екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын қайта қарауға және тарихты бұрмалауға қарсы күресті жалғастыруға ниет білдірді», – деп қорытындылады Ресей СІМ.
Айта кетейік, бұл ресейліктердің көрші елдердің тарихымен ішкі саясатына алғаш араласуы емес. 17 шілдеде ресейлік тележүргізішу Тина Канделаки Telegram арнасында Қырғызстан астанасы Бішкектегі Иван Панфилов атындағы Әскери даңқ мұражайы орналасқан ғимаратты бұзу туралы шешімге қатысты өз ойын білдірген болатын. Ол өз жазбасында қырғыз билігін орыстарға қарсы саясат жүргізіп, яғни русофобияға жол беріп отыр деп айыптаған болатын. Оның айтуынша, ғимаратты сақтап қалуға мүмкіндік бар еді, алайда оны алып тастаған. Тина Канделаки осыған дейін Қазақстанды да айыптаған. Ол Қазақстан орыс тіліне қысастық жасап жатыр деп жазған болатын. Орысша атаулардың қазақшаға бұрмаланып жатқанын теріс құбылысқа балады.