Негізгі шығыстары есепке алынады: атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері әзірленді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Атаулы әлеуметтік көмек
Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тетігі / коллаж kursiv.media бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға үміткер қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатқанын хабарлады.

Бұл, шын мәнінде, мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еңбекмині әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Айнұр Әбдірахманова қандай шығыс түрлері қарастырылатынын айтты:

«Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алу үшін SMS-хабарлама жіберуді көздейді. Бұл банктік құпияны ашу және үшінші тұлғаларға ақпаратқа қол жеткізуге қатысты емес. Тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізілетін болады. », – деді Айнұр Әбдірахманова.

Айтуынша, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеу және басқа да шығыстарды қарастыру жоспарланып отыр

2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 70,2 мың отбасындағы 372 мыңға жуық азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл бұл мақсатта бюджеттен 60,5 млрд теңге бөлінді.

ҚР-да жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар атаулы әлеуметтік көмекті ала алады:

  • ҚР азаматтары;
  • қандастар;
  • босқындар;
  • шетелдіктер;

Өз кезегінде, ең төмен күнкөріс деңгейін өңірлер бөлінісінде тоқсан сайынғы негізде ҚР Ұлттық статистика бюросының органдары есептейді.

Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынған. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова АӘК-ті тоқтатуға болмайды деген.

«Бізде (көмек) алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз», – деді Тамар Дүйсенова.

Сондай-ақ оқыңыз