Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағындағы ақшамен тіс емдетуге шектеу қоймайтын болды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Стоматологиялық қызметтерді алуды растаудың жаңа тетігі әзірленбекші / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағындағы ақшамен тіс емдетуге тыйым салынбайтынын мәлімдеді. Оның орнына стоматологиялық қызметтерді алуды растаудың жаңа тетігі әзірленеді. Бұл жаңалықтармен Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бөлісті.

Вице-министр соңғы уақыттарда стаматологиялық қызмет үшін зейнетақы жинағының  ақшасын пайдалану мәселесі қоғамда қызу талқыланғанын еске салды. Дегенмен министрлік бұл норманы алып тастау туралы шешім қабылданбағанын айтады. Тек сол аударымдарды тоқтата тұруды көздейтін бұйрық жобасы жарияланғанын нақтылады. Сол үшін де ашық талқылауға ұсынылған.

«Денсаулық сақтау министрлігі келіп түскен өтініштерді ескере отырып, стоматологтар қауымдастығымен бірлесіп, жақын арада іске асырылатын арнайы тетіктерді әзірледі. Ол тетік шектеуге емес, процедураның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ОКҚ-да өткен брифинг барысында.

Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, стоматологиялық көмекті алғаны расталғаннан кейін тіс клиникасына да, науқасқа да қосымша міндеттеме жүктелмейді. Мұның барлығы медициналық ақпараттық жүйелер арқылы автоматтандырылатын болады.

Қызметті алуды растау бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, тексеру және емдеу жоспары ұсынылады. Сосын стоматологиялық емхана мен уәкілетті операциялық банк арасында шарт жасалуы қажет. Сонымен қатар қызметті жүзеге асыру және электрондық денсаулық паспортына мәліметтер енгізілуі тиіс.

Министрлік емдеуге дейін және одан кейін де рентген сәулелерін беру ашықтықты қамтамасыз етеді деп отыр. Бұдан бөлек, нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілеріне жол берілмейді. Алаяқтық әрекеттердің жолын кесу мәселесі де осы тетіктер жүзеге асқан уақытта өз шешімін табады деп күтілуде.

Жарты жылға тоқтату туралы шешім қабылдаған еді…

Осыған дейін БЖЗҚ бірыңғай төлемнен тіс емдеуге қаржы алуды жарты жылға тоқтата тұру туралы хабарлаған болатын. «Ашық НҚА» жүйесінде жариялаған құжатта ол 2024 жылы 10 тамыздан бастап 2025 жылдың 1 ақпанына дейін деп көрсетілген.

Артынша «Отбасы банк» Үкіметтің БЖЗҚ төлемдерін тіс емдеуге алуға тыйым салу туралы шешімінің себептерін түсіндірді. 2024 жылдың өзінде 23 шілдеге дейін банк арқылы емделуге 435,1 млрд теңге біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98%-ы стоматологиялық қызметтерге кеткен.

Дегенмен емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде қаржыны мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталған. Яғни кейбір клиникалар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақша түрінде шығарып алуға көмектескен.

Сондай-ақ оқыңыз