Брондалған «Арлан» көлігі, елде құрастырылған «Сұңқар» дроны: Қазақстан әскери техникаға шығындарды 36,8%-ға арттырды
Қазақстан 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы әскери техниканы сатып алуға жұмсалатын шығынды 36,8% арттырды деп хабарлады Қорғаныс министрлігі «Курсивтің» сауалына.
Техника әлі толық елге жеткізілмеген
Сатып алынған техниканың бір бөлігі әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты әлі жеткізілген жоқ.
«2024 жылы әскери техниканы сатып алуға кеткен шығындар өткен жылмен салыстырғанда 36,8%-ға өсті», – деп жазылған министрлік жауабында.
Сондай-ақ ел армиясы 500-ден астам жаңа техникамен толыққан
Соның ішінде әскерлерге «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары, SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешені және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелері келіп түскен. Қазақстанға алдағы уақытта заманауи жойғыш ұшақтар мен зениттік зымыран кешені жеткізілмек.
Әуе қорғанысы күштері үшін олар заманауи зымырандар алмақ. Оның ішінде, зениттік-зымырандық кешендерді және ауыр салмақты әскери-көліктік А400М ұшағын (Испанияда құрастырылған) сатып алды. Әуе қорғанысы техникасы, үкімет мәліметтері бойынша, әлі жеткізілмеген.
Жұмсалған қаржы көлемі құпия…
«Қазіргі таңда аталған әскери техника мен қару-жарақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында сатып алынуда. Әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдайға байланысты оларды жеткізудің нақты мерзімі нақтылануда», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Ведомство «мемлекеттік құпияларға қатысты қолданыстағы шектеулерге» сілтеме жасай отырып, жоғарыда аталған жабдыққа жұмсалған шығын көлемін жарияламады.
Қазақстан күш құрылымдары бойынша рейтингте 58-орында
2024 жылдың қаңтарында Global Firepower әскери күш құрылымдары бойынша елдердің жыл сайынғы рейтингін жариялады. 145 елдің ішінде Қазақстан ҰҚШҰ бойынша барлық одақтасы – Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерін дерлік басып озып, 58-орынға тұрақтады. Ресей Қазақстанды басып озып, рейтингте екінші орынға тұрақтады.
Сонымен қатар Қазақстанда әскерге шақырылушылар санын арттыру көзделіп отыр. Әскер қатарына шақырылатын жастар санын 39 мыңнан 40 мыңға дейін арттады.