Еділден алатын су көлемі азайды: «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясының Қаражанбастағы зауыты толық қуатпен жұмыс істей бастады
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына кіретін «Қаражанбасмұнай» компаниясының суды тұщыландыру зауыты мақсатты қуатына жетіп, тәулігіне мұнаймен қатар көтерілген 17 мың текше метр су беруді бастады.
«Қаражанбас кен орнындағы жерасты қабаты суын тұщыландыру зауыты жобалық қуаттына шықты – тәулігіне 17 мың текше метр. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қаражанбас кен орнында жұмыс сапарымен болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты», — делінген хабарламада.
Жерасты қабатынан мұнаймен бірге өндірілген су тұщыландырудан кейін, кен орнында бу өндіру үшін техникалық мақсатта пайдаланылатын болады. Сынақ режимінде іске қосылғаннан бастап бүгінгі күнге дейін зауытта 6,4 миллион текше метрден астам су тұзсыз болып шығарылған.
Жобаны іске асыру Астрахань-Маңғышлақ магистраль су құбыры арқылы өңірге жеткізілетін Еділ суын тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылғанға дейін «Қаражанбасмұнай» компаниясының Еділ суын тұтыну деңгейі тәулігіне орта есеппен 21 мың текше метрді құрады. Жобаға сәйкес, көрсеткіш 5 мың текше метрге дейін қысқарды.
Астрахань-Маңғышлақ магистраль құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңірдегі өзге салаларға беруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жерасты қабатындағы суды азайту қоршаған ортаға да жақсы әсер етеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта бұл Қазақстандағы мұнай кен орнындағы осы мақсаттағы ірі жоба.
«ҚазМұнайГаз» 2025 жылы осындай тағы бір жобаны жасауды жоспарлаған. AkSu KMG компаниясының тұзсыздандыру зауыты (100% «ҚазМұнайГазға» тиесілі) 50 мың текше метр тұщы су алу үшін Каспий теңізінен тәулігіне 100 мың текше метр су алатын болады.
Айта кетейік, Қазақстандағы көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша 2023 жылғы инвестициялардың жалпы сомасы 7,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 152,4 млрд теңге барлауға жұмсалды.