Қазақстан Ресей іздеу салған Қырғызстан азаматын босатты
Қазақстан Бас прокуратурасы Ресейге Қырғызстан азаматы Алина Горшенинаны беруден бас тарту туралы шешім қабылдады. Сот Ресейде іздеу салынған азаматты Қырғызстанға жіберетін болды.
The Insider басылымының ақпаратына сүйенсек, Қазақстан маусым айында Ресейдің өтініші бойынша ұсталған Қырғызстан азаматы Алина Горшенинаны экстрадициялаудан бас тартқан.
«Горшенина бостандыққа шықты. Құқық қорғаушылар Қазақстанның Бас прокуратурасы 8 тамызда Ресей Бас прокуратурасының Горшенинаны ұстап беру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты, содан кейін сот оны қамаудан босату туралы шешім қабылдағанын айтады», – делінген басылымда.
Горшенина 1 маусымда шекарада Қазақстанға Қырғызстаннан кірмек болған кезде ұсталды.
Ресейде Горшенинаға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын-ала тергеу жүргізуге байланысты қауіп-қатер немесе зорлық-зомбылық туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалған (Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің 296-бабы) және оған іздеу жарияланған.
Еске сала кетсек, сәуірде Ресейдің Қорған және Түмен облыстарында адыраспан шөбін тасымалдаған Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Полиция қызметкерлері 17 сәуірде 51 жастағы әйелді анықтаған. Ол Ресейге Орталық Азия елдерінен кірген. Ал 24 сәуірде көрші мемлекеттің 37 жастағы азаматы басқарған DAF жүк көлігін тексеру кезінде 50 грамм адыраспан өсімдігі табылған. Бұл екі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.