Астана әуежайына мәжбүрлі түрде қонған ұшақта инсульт алған жапондық жолаушының жағдайы ауыр

Жарияланды (жаңартылды )
фото kursiv.media

17 тамыз күні Жапониядан Астанаға ұшып келген швейцариялық борт апатты жағдайда қонды. Әуеде 52 жастағы жолаушының денсаулығы күрт нашарлаған. Жексенбіде Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы Жапония азаматының жағдайы ауыр екенін хабарлады.

«17 тамызда жедел жәрдем қызметі жедел ми қан айналымы бұзылысы (инсульт) бар ер адамды Астана әуежайынан №2 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Оның қазіргі жағдайы ауыр», – делінген хабарламада.

Токио – Цюрих бағыты бойынша қатынайтын Boeing 777-300ER ұшағы жолаушы сырқатына байланысты Астанаға қонуға мәжбүр болды. Swissair әуе компаниясының SWR161 рейсі бойынша борт елорда әуежайына қонғанымен, экипаж қателігінен ұшақ дөңгелегі ұшу жолағының жиегіндегі топыраққа тірелген. Сенбі күні сағат 16:00-шамасында апатты-құтқару жұмысы жүргізіліп, әуежай терминалы екі сағатқа жабылды. Осы оқиғаға байланысты 20-дан астам рейс кестеден кешікті.

18 тамыз күні SCAT және Air Astana ұшақтарының уақытынан кешіккені мәлім болды. 16 тамыз күні де Алматы әуежайындағы рейстер техникалық ақауға себепті шегерілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз