Ақтауды түтін басты: Каспий жағалауындағы қамыс өртенуде
Ақтау тұрғындары жексенбіге қараған түнде анық сезілген түтін иісіне шағымданған. Таңнан бері қала ауасы қатты ластанды. Қалалықтар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді деп күдіктенген. Бұл жөнінде елдегі ақпарат құралдары жазды.
Дегенмен Маңғыстау облыстық ТЖД 17 тамыз күні Атырау облысының Исатай ауданының аумағындағы қамыстың жана бастағанын хабарлады. Оған қоса Ақтау қаласының маңындағы полигонның да бықсып жатқанын ескертті.
«Сағат 15:30-да Жанбай ауылынан 20 шақырым жерде (өрт сөндіру бекетіне дейін 50 шақырым), Каспий теңізінің жағалауының батпақ болып жатқан тұсында қамыс жана бастады. Дәл сол жерге дейін баратын жолдың болмауына байланысты өртті сөндіру мүмкін емес. Ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ. Құтқарушылар мониторинг жүргізіп жатыр», – деп хабарлады облыстық ТЖД.
Былтыр Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінен Атырауды түтін басты. Теңіз жағалауындағы 89 гектар аумақ өртенді.