Қазақстанға заңсыз әкелінетін телефондар бұғатталады – Цифрлық даму министрлігі

Жарияланды (жаңартылды )
Заңсыз әкелінген телефондардың сұр импортынан жылына 150 млрд теңгеге жуық қаражат бюджет қазынасына түспейді / Фото: elements.envato / Ha4ipuri / AtlasComposer; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда заңсыз әкелінген телефондар бұғатталады. «Ашық НҚА» порталына Цифрлық даму министрлігінің абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына тиісті түзетулер жобасы талқылауға шығарылды.

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта елге ұялы телефондар, оның ішінде IMEI-кодтары қайталанатын құрылғыларды әкелетін заңсыз схемалар бар. Мұндай «сұр» импорт арқылы елге жалған ұялы телефондар жеткізіліп отырады. Қазіргі таңда елде мұндай 3,7 млн жуық құрылғы жұмыс істейді екен.

«СКДҚ мәліметтеріне сәйкес қазіргі уақытта еліміздің ұялы компанияларының желілерінде қайталанатын IMEI-кодтары бар 3,7 млн-ға жуық абоненттік құрылғы жұмыс істейді екен. Бұл ретте әлеуетті жіберіп алған салықтар мен алымдар түріндегі мемлекеттің тікелей шығындары жылына 100 млрд теңгеден асады, ал осы қызметке ілеспе басқа да салықтарды (ҚҚС, КТС, СН және т.б.) төлемеуді ескере отырып, бюджет шығындары 150 млрд теңгеге жетуі мүмкін»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Министрлік мәліметінше, қайталанатын IMEI-кодтардың болуы құқық қорғау органдарына ұрланған ұялы телефондарды іздеу және оларды бұғаттау бойынша жедел жұмысты тиімді жүргізуге кедергі келтіреді.

Құжат нені көздейді?

Құжатта ұялы байланыс қызметтерін ұсынуға тыйым салынған ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының тізімі әзірленген. Оған сәйкес, мынадай қағидаларды бұзатын құрылғыларға тыйым салынады:

  • сәйкестендіру коды дұрыс емес немесе өзгертілген;
  • дайындаушы зауыт берген сәйкестендіру коды жоқ;
  • бірнеше абоненттік ұялы байланыс құрылғысы пайдаланатын бірдей (қайталанатын) сәйкестендіру коды бар;
  • сәйкестендіру коды Ұялы байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының (GSMA) дерекқорының қара тізіміне енгізілген.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ел аумағында ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын өндіру туралы мәліметтерді және осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерде республиканың кеден және салық заңнамасына сәйкес ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу туралы мәліметтері расталмаған телефондарды пайдалануға тыйым салынады.

«Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланудың заңдылығы туралы мәліметтерді растау ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сәтті верификациялау нәтижелері туралы өзекті мәліметтерді құрылғыларының мониторингі мен сәйкестендірудің ақпараттық жүйесінен (ҚМС АЖ) жіберу жолымен жүзеге асырылады»,- делінген құжатта.

Ұялы байланыс операторы сәйкестендіру кодтары дерекқорына (СКДҚ) мәліметтерді енгізу туралы хабарламаны алған сәттен бастап ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесіне ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының тіркелгені туралы хабарлайды.

Бұғаттау қалай жүргізіледі?

Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде абоненттік құрылғыны пайдаланудың заңдылығы туралы мәліметтерді растау болмаған кезде СКДҚ операторы Ұялы байланыс құрылғыларын мониторингілеу мен сәйкестендірудің ақпараттық жүйесінен өзекті мәліметтерді алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты ішінде осындай абоненттік құрылғы туралы мәліметтерді қара тізімге көшіреді және ұялы байланыс операторларына тиісті хабарлама жібереді.     

Ал ұялы байланыс операторы көрсетілген хабарламаны алған сәттен бастап ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының иесіне тыйым салу негіздерін көрсете отырып, ұялы байланыстың осындай абоненттік құрылғысы бойынша ұялы байланыс қызметтерін ұсынуға тыйым салынғаны туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланудың заңдылығы туралы мәліметтер расталса, СКДҚ операторы ҚМС АЖ-дан өзекті деректерді алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты ішінде осындай ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы туралы мәліметтерді қара тізімнен шығарады. Содан кейін, ұялы байланыс операторларына мәліметтерді СКДҚ-ға енгізу туралы хабарлама жібереді.

Бұл механизм елге заңсыз әкелінген құрылғыларды блоктауға, мемлекеттің кедендік және салықтық төлемдерден түсетін табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- делінген құжатта.

Сондай-ақ оқыңыз