Тасқын судан зардап шеккен Құлсарыда жаңа 100 үйден тұратын «Болашақ» ықшамауданы пайда болды

Жарияланды
Құлсарыдағы жаңа «Болашақ» ауданына күзде 100 отбасы қоныстанады / Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа «Болашақ» деп аталатын ықшамауданы бой көтерді. Ол жерге 100 отбасы қоныстанады деп жоспарланып отыр. Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылысы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Болашақ» деп аталатын жаңа ауданға кезең-кезеңімен 100 отбасы қоныстанады. Тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру шаралары аясында Құлсарыда тамыз айының соңына дейін 80 үй пайдалануға берілмек», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Мұнда қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы айдың соңына дейін 80 үй пайдалануға беріледі. Ал қалған 20 үй қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, әр үйдің көлемі 100 шаршы метрді құрайды. 5 бөлмеден тұрады. Қазіргі уақытта 84 үйдің қабырға қалау жұмыстары аяқталып қалған, ал 57 үйдің шатыры жабылып жатыр. Ал 35 үйде сылақ жұмыстары басталып кетсе, 43 үйге терезе орнатылған. Сонымен қатар жаңа үйлерге электр, су, кәріз желісі тартылған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше Атырау облысында барлығы 2 674 объектіге техникалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде:

  • 100 жаңа үйдің құрылысы басталған;
  • 1 376 үй сатып алу туралы шешім қабылданып, 1 372-сі сатып алынған;
  • жөндеу жұмыстары жүргізілуы тиіс 1 198 үйдің 1 191-не жөндеу жұмыстары аяқталған.

Еске сала кетсек, су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірілердің бірі – Атырау облысы болды. Ал Құлсары қаласына тасқын су 5 сәуірде кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан.

Құлсары қаласында тұрғындар су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төлеуді талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз