Мемлекеттік орган басшыларының атынан жалған хабарламалар жіберу үшін алаяқтар деректерді қалай ұрлайды — ІІМ мәлімдемесі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елдегі үш қалада барлығы 4 SIM-box құрылғысы және 6 мыңға жуық sim-карта тәркіленді / Фото: kursiv.media 

Ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, ІТ-технологияларды көмегімен ұрлық жасау, интернет алаяқтық сияқты осы және өзге де киберқылмыс түрлері әлі де өршіп тұр. Жеңіл жолмен пайдаға кенелгісі келетін әккі қылмыскерлер уақыт өткен сайын өздерінің айла-тәсілдерін жаңартып  жатыр. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев осындай мәлімет келтіріп, тың ақпараттармен бөлісті.

ІІМ ресми өкілі кезекті брифинг барысында интернет алаяқтықпен жасалған қылмыс түрлеріне тоқталды.  Айтуынша, 13-15 тамыз аралығында республика аумағында «Аnti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Осының нәтижесінде небәрі үш күн ішінде 178 қылмыс әшекере болған.  

Оның ішінде:

– авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу (ҚК 198-бабы) – 3 факт;

– ақпаратқа заңсыз қол жеткізу (ҚК 205-бабы) – 1 факт;

– абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту (ҚК 213-бабы) – 4 факт;

– порнографияны тарату (ҚК 311-бабы) – 6 факт;

– арнайы техникалық құралдарды тарату (ҚК 399-бабы) – 2 факт;

 – ІТ-технологияларды пайдалана отырып ұрлық жасау (ҚК 188-бабы) – 5 факт;

– интернет пайдаланушыларына қатысты алаяқтық – 157 факт.

Сондай-ақ полицейлер бұрын жасалған тағы 328 қылмыстың бетін ашқан. Еркін айналымда жүрген, әрі тыйым салынған 485 бірлік өнімнің тәркіленгені тағы бар.

SIM-box құрылғысын пайдаланған алаяқтар қолға түсті

Брифингте SIM-box құрылғысын пайдаланып, талай адамды сан соқтырған алаяқтардың да қолға түскені айтылды.  

«Алматы қаласында көршілес елдің 24 жастағы азаматы ұсталды. Ол пәтерде SIM-box құрылғысын орнатып, ел аумағында алаяқтық қоңырау шалу қызметін ұсынған. Сондай-ақ Семей қаласында виртуалды абоненттік нөмірлерді тіркеуге арналған GSM-box аппаратурасын жалдамалы пәтерде орнатып, ұялы байланыс желілеріне қосқан тағы бір шетелдік ұсталды. 22 жастағы жігіт Telegram-арна арқылы куратордан түскен нұсқауларды орындаған», – деп мәлімдеді Шыңғыс Алекешев.

«Аnti-fraud» шарасын өткізу кезінде республиканың үш қаласында барлығы 4 SIM-box құрылғысы және 6 мыңға жуық sim-карта тәркіленіп жойылған. Қазір барлық факті бойынша тергеу жүргізіліп, күдіктілердің әрекетінен зардап шеккен адамдар анықталып жатыр.

Басшылардың атын жамылып, халықты алдайтындар көбейген

ІІМ ресми өкілі соңғы кезде алаяқтар мемлекеттік органдар мен ірі жеке ұйымдар басшыларының атынан жалған аккаунттар ашып, адамдарды алдау фактілері жиілеп кеткенін де атап өтті.  

 «Қарамағындағыларға» құқық қорғау органдарының қызметкерлері байланысқа шығатынын және олардың барлық талабын орындау қажет екендігінін айтады. Осындай манипуляциялардан кейін алаяқтар азаматтардың  атына несиелер рәсімдейді. Айта кету керек, қаскөйлер өздеріне керек ақпаратты WhatsApp сияқты мессенджерлерге «туысыма дауыс беріңіз» немесе «сіз сыйлық ұтып алдыңыз» деген сипаттағы сілтемелерді жіберу арқылы алады. Мессенджер пайдаланушысы сілтеме арқылы өткеннен кейін, қылмыскерлер контактілер тізіме қол жеткізеді, – деді Шыңғыс Алекешев.

Еске салсақ, алаяқтар жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтып елді алдауға кіріскен. Олар қазақстандықтарға жаңа төлемді қалай алуға болатынын айтып, хабарландыру таратуда. Тіпті оны құзырлы ведомство – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске қосқанын жеткізуде.

Сондай-ақ оқыңыз