Алматы әкімдігі 113 млн теңгеге қонақүй форумын өткізбек: шара бюджеті бір жылда екі есе өскен

Жарияланды
Алматы әкімдігі 2023 жылы қонақүй форумын өткізуге 54 млн теңге жұмсаған / Фото: kursiv.media

Алматы әкімдігі Халықаралық VII қонақүй форумын өткізуге 113 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты мелекеттік сатып алу порталында жарияланған деректерден таптық.

Қызметті «Алматы қаласы Туризм басқармасы» сатып алған.

«Шараның басты мақсаты – қонақүй индустриясын басқарудағы инновацияларды қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық және қазақстандық қонақүй бизнесін дамытуды ынталандыру», – делінген құжатта.

Шараны World Travel and Tourism Council қолдауымен өткізу жоспарланған. Сонымен бірге қонақүй бизнесінің өкілдері, туроператорлар және тур индустриясының шетелдік өкілдерінің қатысуымен тәжірибе алмасу және қонақжайлылық саласының жаңа тәжірибелерін енгізу үшін алаң ұйымдастыру көзделген.

Лотты ұтып алған компания іс-шараның тұжырымдамасын, жол картасын әзірлеп, форумның ресми ашылу және жабылу рәсімін өткізеді. Форумға әкімдік шарттары бойынша 10 халықаралық сарапшы мен ШЫҰ делегациясының 16 мүшесі шақырылуы тиіс. Олардың визасын дайындау, екі жаққа ұшу, әуежайдан трансфер және форум өтетін бес жұлдызды қонақүй мен таңғы асы осы төленген қызмет ақысына кіреді. Жеткізуші форумға кемінде 500 қазақстандық және шетелдік делегаттар қатысуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шараға 20 БАҚ және бір телеарна өкілі және блогерлер шақырылады. Нәтижесінде ақпараттық сайттарда 40 мақала жариялануы керек, ал блогерлер 10 пост шығаруы тиіс.

113 392 857 теңгеге бағаланған қызметті «SLV-group.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған. Компанияның жетекшісі – Әбдернасиров Салават Галелович. Компанияны тексеріп көрдік, құрылтайшысы да осы кісі екен.

«Курсив» өткен жылдары өткізілген форумға қатысты деректерді де порталдан тексеріп көрді. 2023 жылы форумға 54 миллион теңге жұмсалса, 2021-2022 жылдары 53 млн теңге жұмсалған. Бір қызығы, 2021 жылдан бері бұл форумды осы «SLV-group.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырып келеді.

Форум тек 2020 жылы ғана карантинге байланысты өтпеген. 2019 жылы өткен IV халықаралық форум 16 млн теңгеге ұйымдастырылған. Бұл шараны «AZB Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған. Ол кезде шара 150 адамға ұйымдастырылып, шетелден 5 сарапшы шақырылған. Олардың да жол шығыны мен жатын орны осы қызмет ақысына кірген.

2018 жылы форумға 14 млн теңге қарастырылған. Бірақ сатып алу өтпеген.

Сондай-ақ оқыңыз