«Шетелдіктер де құрылтайшы бола алады»: Көлік министрі Қарабаев Қостанайдағы әуежай сатылып жатқанын растады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қостанай әуежайы сатылымға шықты / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысы аясында өткен баспасөз мәслихатында Қостанай әуежайы сатылатынын және шетелдіктерге сатуға заң аясында тыйым салынбағанын айтты.

Министрдің айтуынша сатылымға шыққан Қостанай әуежайына осы уақытқа дейін белгілі бір шетелдік инвестордың сатып алатыны жөнінде ешқандай өтінім түспеген.

– Қостанайдағы әуежайды белгілі бір инвестордың сатып алатыны жөнінде ешқандай өтінім келіп түскен жоқ. Өтініш түсетін болса, мемлекет тарапынан ол міндетті түрде қарастырылатын болады. Әуежай – стратегиялық нысан әрі оның кімге сатылып, кімге сатылмайтыны Үкіметтің құзыретінде. Осы уақытқа дейін Қостанайдағы әуежайды сатып алуға ешбір инвестор ынта танытқан жоқ, – деді Қарабаев.

Қарабаевтың айтуынша, жалпы елдегі әуежайларға инвесторларды тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол әуежайларды қазақстандық инвестор да, шетелдік инвестор да сатып ала алатынын айтты.

– Қазақстандық инвестор болсын, шетелдік болсын – біз оны қолдаймыз. Өйткені қай кезде де әуежай мемлекеттік органдардың толық бақылауында болады. Оның құрылтайшысы шетелдік болса да ол бақылаудан тыс қалмайды, – дейді Қарабаев.

Сондай-ақ министр Алматыдағы әуежайға шетелдік инвестор 250 млн доллар инвестиция салғанын атап өтеді. 

– Тек Қостанайдағы емес, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстандағы әуежайлар – мемлекет меншігінде. Ол жаққа инвестор тартып, инвестициялары арқылы инфрақұрылымын жаңғырту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бәрібір ол мемлекеттің бақылауында болады, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ ақцияларының мемлекеттік пакетінің 49%-ы бойынша тендер өтетіні туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз