Еуроодақ Қытай электр көліктеріне арналған салық мөлшерін сәл азайтты. Tesla-ға 9% деп белгілеп отыр
Еурокомиссия сейсенбі, 20 тамыз күні Қытай электр көліктеріне арналған импорттық баж салығының мөлшерін жария етті. Брюссель Қытайды автокөлік нарығында әділетсіз бәсекеге жол берді деп айыптап, бірнеше ай бойы өндіріс тізбегін тексерді.
Euronews жазуынша, қытайлық үш өндіруші – BYD (17%), Geely (19,3%) және SAIC (36,3%) үшін шілде айындағы нұсқасымен салыстырғанда баж салығы аздап төмендетілді.
Бейжің субсидиялап отырған америкалық Tesla-ға салықты 9% деп белгіледі. Себебі америкалықтар Еурокомиссияның тексеруіне толық көмектесіп, барлық мағлұматты ұсынған.
Қытайда жасалған арзан электромобильдер ЕО нарығына дендеп еніп жатыр. Олардың үлесі 2002 жылғы 3,9% болса, 2023 жылы 25%-ға жетті.
Егер бұл тарифтерді Еуроодақ елдері мақұлдаса, 31 қазаннан бастап күшіне енеді. Бес жыл бойы бұл қағида өзгермейді.
15 тамызда Қытай ДСҰ-ға ЕО-ның электромобильдерге салынатын тарифтеріне қатысты шағым түсірді. Бейжің ЕО-ның Қытайдан экспортталатын аккумуляторлық электр көліктеріне қатысты мақсатты түрдегі уақытша өтемақы баждарын енгізуіне қатысты ДСҰ-дан консультация өткізуді сұраған.
Шілдеде әлемдік нарықта электромобильдердің сатылымы 21%-ға өскен. Rho Motion зерттеу фирмасы мұны Қытайдағы электромобиль өндірісінің артуымен байланыстырады.
2023 жылы Қытай әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы Жапонияны басып озды. Бұл ретте аталған ел Қазақстанды өзінің негізгі экспорттық бағыттарының бірі деп санайды деп жазады China Daily.