Қазақстанда «Цифрлық сот орындаушысы» іске қосылды: жүйе азаматтардың 5,5 млрд теңге қаражатын үнемдейді
Әділет министрлігі еліміздің бүкіл аумағында «Цифрлық сот орындаушысын» іске қосты. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүйе азаматтардың 5,5 млрд теңгеден астам қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Енді кімде-кім қарызын уақтылы төлей алмаса, қарыз сомасына қосылатын 25%-ды құрайтын айыппұл төлеуден босатылады. Бұл қаражат сот орындаушының қызметі үшін есептелетін.
Цифрлық жүйе көмегімен борышкерлер осындай шығындардан босатылады.
20 АЕК-ке дейінгі борыш оңайлатылған тәсілмен төленеді. Ондайда борыш туралы EGOV Mobile-дан егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады немесе 1414-тен SMS хабарламалар, push-хабарламалар жіберіледі. Содан кейін берешекті онлайн төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
«Осылайша, адами фактор толығымен алынып тасталады. Алдын ала есептеулер бойынша жеке сот орындаушыларына қызмет ақысының 25%-ын алып тастау есебінен жыл сайын азаматтардың қаржылық жүктемесі шамамен 5,5 млрд теңгеге төмендейді деген болжам бар», – делінген баспасөз хабарламасында.
«Цифрлық сот орындаушысының» көмегімен барлық процедура онлайн режимде жүргізіледі. Яғни өндірісті тоқтату және қамауға алуды алып тастау үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсыну қажет болмайды.
Бірақ күнтізбелік 30 күн ішінде оңайлатылған іс жүргізу бойынша атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаса, іс жеке сот орындаушысына жіберіледі. Мұндайда сот орындаушысы тиісті комиссияны өндіріп ала отырып, қарыз қайтару ісін жалпы тәртіппен жүзеге асырады.
Министрліктің хабарлауынша, осы жылдың 18 қаңтарынан бастап бұл жоба Тараз қаласында сынақтан өткізілген. Сынақ оң нәтиже көрсеткен соң, бұл жүйені бүкіл Қазақстан бойынша енгізу туралы шешім қабылданған.
«Бұл шара азаматтардың ақшалай міндеттемелерін төмендету, қағаз тасығыштан толық бас тарту және атқарушылық іс жүргізуді орындау процесінде адами факторды алып тастау түрінде оң нәтиже көрсетті», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Айта кетсек, жақында еGov порталы арқылы баланың мектебін онлайн ауыстыру тетігі де қосылған болатын. Ата-аналар мен баланың заңды өкілдері енді мектепті тұрғылықты жері бойынша тек шағын учаскеден емес, сонымен бірге өз қалауына қарай басқа жерден таңдай алады.